Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  244


Автор: Әбділда Тәжібаев

Өзбекке

Өзбек, бауырым!
Өз қанымсың,
Туысқанымсың,
Мәрт досымсың,
Меһірбанымсың!
Ақ тақырға алтын өсірген,
Ғажап зәргарымсың,
Тауларды қолыңмен көшірген
Алып палуанымсың.
Өзбек, досым!
Мен саған келдім.
Қазақ елінен келдім.
Орманымның жапырағынан бай,
Жерімнің топырағынан бай,
Күнімдей жарық,
Жазымдай жайдары
Халқымның сәлемін әкелдім!
Өзбек, досым!
Mен саған келдім.
Қазақ жерінен келдім.
Биік тауларымдай
Жүйрік дарияларымдай,
Терең теңізімдей,
Кең аспанымдай,
Халқымның сәлемін әкелдім!
Қабыл ал, досым,
Қабыл ал бәрін:
Қазағымның дауылдай сәлемін ал.
Найза ойнатқан,
Жауға шапқан,
Қара жерді дүбірімен қалтыратқан,
Домбырада күркірер күй қып тартқан
Жігітімнің өнерін ал.
Қыздарының
От болып жанған
Жас болып тамған,
Сүйген жарларына ғашықтығын айтқан
Өлеңін ал!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу