Өлеңдер ✍️

  07.04.2021
  187


Автор: Бұқар жырау

Көкшетаудан салдырған

Көкшетаудан салдырған
Қара үңгір жолдары.
Сабантаудан жиылып,
Бес сан болды қолдары.
Өзің қонған Көкшетау,
Кәпір қала салды, ойла.
Жарқақ деген жерлерге
Шашылып шеті барды, ойла.
Атбасар мен Қалқотан
Балығы тәтті су еді,
Өнебойын шандып ап,
Сүзекісін салысты, ойла.
Қарқаралы деген тауларға
Қарқарасын шанышты, ойла.
Бетеге мен көденің
Берекесі қашты, ойла.
Көкмұрын деген жерлерге
Қыстауын сонан соқты, ойла.
Жылқының суат суына
Шошқасын әкеп төкті, ойла.
Ұлытау шеті Созақтан,
Созақтан бергі жерлерден
Көкорай шалғын көре алмай,
Шұбырып қазақ кетті, ойла.
Нұраның бойы Ақмола,
Есілде бар Қараөткел,
Екі өткелдің аузынан
Тас қорғанды салды, ойла.
Баянаула, Қызылтау,
Оны да кәпір алды, ойла.
Шүршітпенен құлақтас,
Қырғызбенен жұбаптас.
Ортасында ұйлығып,
Кетпейін десе, жері тар,
Кетейін десе, алды-артын
Қоршап бір алған кәуір бар.
Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірінен шаншу қадалып,
Сорлы бір қазақ қалды, ойла!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу