21.03.2024
  45


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Боран

Тал-шыбықтар шайқалып,
Тентек боран ұлиды.
Ысқырады айналып
Айдалада бiр үйдi.
«Айтады өлең» құтырып,
Үрейлi тым «өлеңi».
Аппақ қарды сыпырып,
Үй iргесiн көмедi.
Булыққандай ашуға,
Қорқытады кiсiнi.
Үйде Дауыл,
Қасында –
Жалғыз ғана мысығы.
Таусылды тым шыдамы,
Бойын үрей биледi.
Өксiп-өксiп жылады,
Ернiне ернi тимедi.
Қорқытты да жылатып,
Азынады үй тағы.
 Мысығы оны жұбатып,
Құйрығымен сипады.
Медеу болар жоқ ана,
Көкесi жоқ қасында.
Жатқан қойға қорада
Кетiптi шөп шашуға.
Үй мен қора арасы
Қашық емес оншама.
Келмеген соң анасы,
Шықты Дауыл тоңса да.
Ұйтқып боран үрледi,
Алдын орап биледi.
Тартқылады iлгерi,
Дедектетiп сүйредi.
Жүрдi Дауыл бөгелмей,
Елемедi боранды.
Мысық «барма» дегендей,
Аяғына оралды.
Тоңды мұздап бетi оның,
Кiрдi ұсақ қар шашына.
Жұлқылап жел етегiн,
Адымдады асыға.
Қалды ендi үй аулақ,
Алған беттен танбады.
Мысығы оның мияулап,
Iзiнен бiр қалмады.
Үмiт күтiп ол алдан,
Мүлдем ұзап кетсе де,
Алай-түлей бораннан
Көрiнбедi ештеңе.
Қора қайда, мал қайда,
Дауыл күдер үзбедi.
Қалды ма деп шалғайда,
Барар жолды iздедi.
Жүре-жүре омбылап,
Дәрменi де таусылды.
Табылмады жол бiрақ,
Қара терге малшынды.
Мысығы да тұрып қап,
Дiрiлдедi, тоңды ма?
Қалмасын деп суықтап,
Қымтады оны қойнына.
Дауыл қайда барса да,
Айырылмайды ол бiр елi.
Алыс кетiп қалса да,
Бiрге ерiп жүредi.
Дауыл жатса ұйқыға,
Көрпесiне кiретiн.
Дiрiл қағып мұрты да,
Бiрге көзiн iлетiн.
Бұл мысықта «ән-күй» көп,
Бiлмейдi бiр талуды.
Пырылымен әлдилеп,
Ұйқтататын Дауылды...
«Дрин-дрин-дрин» деп,
Сағат онды соғатын.
Тысқа шығып күлiмдеп
Маңды екеуi шолатын...
Тағы жүрiп iлгерi,
Тың тыңдады жай ғана.
Не iстерiн бiлмедi,
Шулап кеттi айнала.
 Бiрде ұлыды бөрi боп,
Бiрде сыңсып қақсады.
Кеш батты ма, төңiрек
Қарауыта бастады.
Тұрды Дауыл керiлiп,
Азабын-ай бүгiнгi!
Жүре алмай демiгiп,
Омбы қарға бүгiлдi.
Анасы оның әлгiнде-ақ
Келген шығар үйiне.
Қарады ол қалғып ап,
Қараңғыға үңiле.
Елестедi көзiне
Күйсеп жатқан қойлары.
Одан да мен тез үйге
Қайтайын деп ойлады.
Тағы тұрды талпынып,
Қамады ой не түрлi.
Төрт-бес аттап, алқынып,
Тағы қайта отырды.
Тағы тұрып үш аттап,
Тағы отырды азырақ.
Мысықты ендi құшақтап,
Қалғып кеттi қалжырап.
* * *
Ата-анасы оралған
Кештетiп тым қой жайғап.
Келсе, Дауыл жоғалған,
Шықты анасы ойбайлап.
– Дауыл қайда? Жоқ қой! – деп,
Тiнттi бар бұрышты.
– Есiктi iлiп кетпей! – деп,
Көкесi оған ұрысты.
Iздедi үйдiң маңайын,
Айғайлады сан рет.
– Дауыл! – деген тарайды үн,
Бiрақ Дауыл әлi жоқ.
Екеуi де егiлiп,
Құлақтары шулады.
Жүрген сайын демiгiп,
Жүректерi сулады.
Мұндай күнде көп қауiп,
Мына боран не етедi?!
Түн ортасы кеттi ауып,
Ақылдасты екеуi.
Кеттi әкесi:
– Ауылдан
Көмек ертiп келем! – деп.
Күдер үзбей Дауылдан,
Қалды анасы елеңдеп.
Аппақ болып таң да атты,
Тентек боран басылды.
Нұр сәулесiн таратты,
Күннiң көзi ашылды.
Түнi бойы жан-жақты,
Кезген бүкiл ауыл боп.
Iздеп бiр топ салт атты,
Айғайлап жүр:
– Дауыл! – деп...
Әлi iздеп жүр жұрт өрiп,
Еш дыбыс жоқ,
Тыныштық.
 Ақ көрпесiн бүркенiп,
Жатыр дала тыныс қып.
Көрдi аттылар осы сәт
Қараңдаған дененi.
Төрт аяғын көсiп сап,
Қарсы жортып келедi.
Қарады Естай үңiлiп,
Өз мысығын таныды.
Жанар ма екен бiр үмiт,
Қайда екен Дауылы?!
Мысық оның атына
Жақын кеп, тiк бұрылды.
Қарай-қарай артына,
Қайта керi жүгiрдi.
Таңданысты барлық жұрт,
«Әсерi екен бұл ненiң?!»
Қылығына абыржып,
Iзiменен жүрдi оның.
Қар үңгiрге iз жатқан
Кiрiп кеттi ол мәуiлдеп.
Естай ағай түстi аттан,
– Осы жерде Дауыл, – деп.
Дәл жанында қос қурай,
Үңгiрге тұр қалқа ғып.
Басқалар да бос тұрмай,
Қойды аттарын қаңтарып.
Дереу қаза бастады,
Ниетi iзгi бәрiнiң.
Ағай жаза баспады,
Тауып алды Дауылын.
Алды дереу тонға орап,
Оны сүйiп оятты.
Қайран қалды ол қарап,
Қасында тұр көп атты.
Алғаш түк те бiлмедi,
Сәлден кейiн түсiндi.
Алай-түлей түндегi
Боранды еске түсiрдi.
Башпайлары қышыды,
Денесi тым тоңыпты.
Құшағында мысығы
Бiрге бопты,
Соны ұқты.
Шала есi бұл әлi,
Келдi олар үйге алып.
Ахуалын сұрады
Басқалар да жиналып.
Жымияды бiр атай,
Шешiп жатып жейдесiн.
Ақ халатты бiр апай
Тыңдап отыр кеудесiн.
– Жақсы, жақсы,
өкпе аман,
Шалынған сәл суыққа.
– Рақмет, көп, балам,
Сауыға ма жуықта?
Қайран әке үнемi,
Бала қамын ойлайды.
– Дұрыс соқты жүрегi,
Әлi-ақ шауып ойнайды.
 – Кiп-кiшкентай өзi әлi,
Онша қалың кимеген.
Таңданамын,
Ғажабы:
Суық аса тимеген!
– Қардың асты салқын-ақ,
Бар ғой мұның бiр сыры.
Құшағына жатып ап,
Жылытыпты мысығы...
– Денесiнiң бәрi аман,
Башпайлары үсiптi.
Кезек-кезек бар адам
Сипап жатты мысықты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу