21.03.2024
  42


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Жаңа жыл қарсаңында

Безендірдік
Аулада
Өсіп тұрған шыршаны.
Әсемдеуге әр бала
Бар өнерін жұмсады.
Жасап келді бірі – піл,
Бірі – барыс, арыстан.
Бірі – қораз,
Бірі – құр,
Бірі – бүркіт, сауысқан.
«Қырау» да бар,
«Қар» да бар,
Іліп жаттық тырмысып.
Төбемізде қарғалар
Әрі-бері жүрді ұшып.
Шыршамыз тұр жасарып,
Ойыншықтар тізіліп.
Көз алмай біз,
Тамсанып,
Қарап тұрмыз қызығып.
Қуаныстық:
«Шамдары
Тіпті ғажап болды», – деп.
Ал қарғалар
Маңдағы
Қарағайға қонды кеп.
Бізге де жұрт тамсанып,
Тұрсын дей ме қызығып,
Өздерінше
Жасанып
Күтіп отыр тізіліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу