Өлеңдер ✍️

  20.03.2024
  43


Автор: Серікбол Валихан

Ешкімге өкпелемей жүрейікші

 


Өмір теңіз, адасқан жас қайықшы,
Бәлкім бәрі, білмеймін жас па айыпшы.
Бас сауғалап қаңғыртып көп баламен,
Жалғыз тастап әйелді қашпайықшы.


Сәбилерді ақшаға сатпайықшы,
Батыр туса, үш жерден атпайықшы.
Әйелдердің мойнына мініп алып,
Жұмыс жоқ деп төсекте жатпайықшы.


Бетімен кеткен жасты тектейікші,
Көргенсізді тұсаулап шектейікші.
Құс қанаты талса да оралады.
Елді тастап шет елге көшпейікші,


Алла жақын, тануға беттейікші,
Білім іздеп, көз ашып көктейікші.
Ауыл көрген ақ көңіл қара көздің,
Тағдырын аяқ асты етпейікші.


Ешкімге өкпелемей жүрейікші,
Аз ғұмыр ғой, қәдірін білейікші.
Өзімізге тілеген бар жақсыны,
Екі еселеп өзгеге тілейікші.


Серікбол Валихан




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу