Өлеңдер ✍️

  07.03.2024
  1238


Автор: Әліпов Айтбек Рымбекұлы

КЛАСТАСТАР ӘНІ





Бірге күліп,бірге жүрген қуанып,
Бал-бұл жайнап бұл өмірден нұр алып.
Алғаш рет отырғанбыз партаға,
Бір класта бастарымыз құралып.

Алтын қыздар ерекше еді бұрымы,
Жігіттерді ынтық еткен қылығы.
Аңғал көңіл естен кетпес шіркін-ай,
Қол ұстасқан қос ғашықтың жүруі!

Арамыз да талай қызық сыр өткен,
Сезімдерді айту қиын дір еткен.
Бірі ұяң, бірі қиян болса да, 2-рет
Сезім ұшқан алаулаған жүректен

Бой жеткендей ақ бантик қыз кешегі,
Көкейіңді сұлу бұрым теседі.
Тарыдай ұл таудай болар деседі,
Ақ жол, түлек, арман желін еседі.

Уақыт сырғып, жылдар кетті жырақтап,
Алдымызда күтіп тұрды сынақтар.
Балан жүрек, балауса күн жастығың,
Шықпайды екен, кластастар бірақ та!

Кейде аңсаймыз балалықтың көктемін,
Қымбат бізге алтын ұя мектебім.
Сағынышпен еске аламыз, достарым, 2-рет
Ұстаздардың білім нәрін сепкенін.

Отау құрып, өмірге бет алдыңдар,
Елдің түрлі тұғырына қондыңдар.
Немерелер жан-жағыңда марқайып,
Бірің ата, бірің әже болдыңдар.

Кластас – бұл ру дейді туысқан,
Кез болмасын арамызда суысқан.
Қашан барсақ дастарханың жаюлы,
Қазы – қарта асататын уыстан!

Жанымыз да, сырымыз да бір еді,
Тілегіміз бірге болды үнемі.
Бәріңізге аман бол деп тіледім,
Ұсынатын қуанышта жүрегін.

Сөзін жазған Айтбек Әліпов, Астана қ. наурыз 2024ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу