Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  833


Автор: Жібек Ысқақова

АЛТЫН АҒАМ ЖАНАШЫР

Мейрімдікпен үндейтін,
Менмендікті білмейтін.
Алтын ағам жанашыр,
«Жымия түс, күл» дейтін.
Біздерге айтар сөзі бар,
Қарапайым, біз ұғар.
Алтын ағам жанашыр,
Адалдықты жыр қылар.
Құлазыған жаныңды,
Жылы сөзбен емдейтін.
Алтын ағам жанашыр,
Әр сөзі жан тербейтін.
Адамдарды бөлмейтін,
Өсек сөзге ермейтін.
Алтын ағам жанашыр,
«Жақсылыққа сен» дейтін.
Алдамшы өмір жолында,
«Тек өзіңе сен» дейтін.
Алтын ағам жанашыр,
«Қиындықты жең» дейтін.
Адамдарды баурайтын,
Үзілсе жіп, жалғайтын.
Алтын ағам жанашыр,
Бар жақсысын арнайтын.
Қуат, қайрат дем берер,
Барлық жанды тең көрер.
Алтын ағам жанашыр,
Самал желдей тербелер.
 Амандықта болшы аға,
Алла өзі жар болып.
Ағам менің жанашыр,
Жүріңіз сіз бар болып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу