02.12.2023
  19


Автор: Сұрақ-жауап

Ассалаумағалейкум!  Сіздерге қояр сұрағым, біреуге сыйлық бергеніміз үшін сауап беріледі ме?


 


Жауап


Уа алейкум ассалам!


Екі дүние сардары Мұхаммед пайғамбарымыздың әрбір амал-әрекеті – адамзат үшін асыл мұра, адастырмас ақиқат жол екендігі даусыз. Ендеше, сүйікті пайғамбарымыз жасаған әрбір амал-әрекетті қайталау – біздерді сауапқа кенелтері сөзсіз.


Сүннеттердің ішіндегі ең нәзігі – сыйлық жасау дәстүрі. Бұл адамдардың арасында достық пен сүйіспеншілікті нығайтады. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер»[1], – деген хадис жеткізген.


Осы орайда сыйланған заттың қымбат-арзандығына қарамастан, шын көңілмен қабыл алудың да пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті екенін ұмытпағанымыз жөн. Алла Елшісі (с.ғ.с.) жай қарапайым затты сыйлық етіп берсе де қабылдайтын. Әнас бин Малик (р.а.): «Пайғамбарға (с.ғ.с.) Барира өзіне садақа етіп берілген етті сыйлады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Бұл ет оған (Барираға) – садақа, ал бізге – сыйлық», – деген екен»[2].


Бұл сүннетті орындау үшін аса көп қаражат жұмсаудың қажеті шамалы. Кітапша, гүл, қаламсап сияқты қарапайым заттарды шын ықыласпен ата-анаға, әйеліне немесе күйеуіне, аға-ініге сыйға беру олардың көңілін бір марқайтып тастайтыны белгілі. 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу