Өлеңдер ✍️

  20.11.2023
  179


Автор: Айгүл Бейсенқанқызы

Қиялымнан қияндарға сөз ұшып

 


Қиялымнан қияндарға сөз ұшып,


Мұсапыр мұң, телміреді көзі ісіп.


Жандүнием сағымға еріп барады,


Өткен күннің қайта оралмас кезі ұтып.


 


Сазы бөлек салқар көштей сағымды,


Сан қоңырау сол мезгілден қағылды.


Сағыншым оралды кеп мойныма.


Мүсіркей ме кемсеңдеген халымды?!


 


Аулақ күншіл, бәсекеден, қақпайдан,


Балалығым бал ұсынған тәтті ойдан.


Анашымның кеудесіне сүйеніп,


Әкешімнің тізесінде қап қойған.


 


Қамсыздықтың қаусырынып күрдегін,


Елең қылмай дүниенің бір кемін.


Беу, дәриға-ай бұла ғұмыр тұр әне,


Тозаңына жүзін төсеп гүлдердің.


 


Санамды ұрлап естемелер кешегі,


Жалынына жүрегімді төседі.


«Келмес» атты ұзап кеткен қайықты,


Кері қарай ой ескегім еседі.


 


Сырға толы сылқым ғұмыр сыңғырын,


Көп тыңдауға аял бермей сырғыдым.


Нәзіктікті басып озып барады,


Қатал үнді, қаражондау тірлігім.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу