Өлеңдер ✍️

  25.09.2023
  126


Автор: Мехнат Теміртасқызы

Түсірмеңдер құнымды

Менің мұңым ел мұңынан қысқарақ,


Еліктейміз, секілді бір тыста бақ!


Осы біздер қайда кетіп барамыз,


Уақыттың бұрымынан ұстап ап.


Өз салтынан неге сонша үрікті ел,


Үріккеннің белгісі сол, бүліктер.


Қысық көзді Қытайдан бар құдамыз,


Құс жастықта құбылады Түріктер.


Байлық үшін, басын тігіп бəйгеге,


Шыр айналып шыға алмайды, шыбық бел!


«Таңдағанға тисін» деген сұмдықтан,


Нең қалды, Қазағым-ау тұнық дер?!


Мұнайды бер, қызыңды бер, бала сат,


«Қыңқ» еткенді, құрықта деп құрық бер.


«Жерім» десе, желкесінен бір ұр да,


Қамап таста, адал істен былық көр!


О,Тəңірім! Аузы күйген халыққа,


Сабырыңның салқын суын үріп бер!


 


Сен кешпеген бар ма Қазақ күресін,


Күресінде кім қалмаған, білесін.


«Тіркел» деді, жұмысыңды ысырып,


Ертелі-кеш, «ЦОН» залында жүресін.


Қара қарын қамы үшін келген ел,


Тіркеліп қал, қалмағанша түк есің.


Отаныңның жұту үшін ауасын,


Салық төлеп барып өмір сүресін!


 


Дейміз ылғи, осы біздер азатпыз,


Азаттықты кешкен халық, аз-ақпыз.


 


 


Тарихыңды мың ақтарар ұрпақ бар,


Келер күнге қалдырмайық, мазақты із.


Құт қүрсақтан от Қазақтар туылсын,


Сонда ғана, «кіршіксізбіз, абатпыз».


«Ханша» болып өзгелерді көбейтпей,


«Күң» болсаң да, еліңде жүр, Қазақ қыз!


 


Мұхит асып кете көрме бұрымды,


Өз жеріңде бақытты ет, бір ұлды.


Қытайлар ма, шошаңдатпай ары тарт,


Арам асқа малып алған пұлыңды.


Аш болсам да, тоқ болсам да əйтеуір,


Қазақы ұл, түсірмейді құнымды!


 


 


 


 


 


Түсініктеме:


«ЦОН» (Центрах обслуживания населения)


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу