Өлеңдер ✍️

  08.09.2023
  41


Автор: Шөмішбай Сариев

Сен тірісің...

Жолықтырып Ош шаһары бойында,
Ол бір сәтте шалғай кеткен алыс күн.
Ұлы ақын Тоқтағұлдың тойында,
Өзіңменен Шыңғыс аға таныстым.
Адамзатқа Айтматов болғасын,
Жүрегіңнің қатысы бар маған да.
«Тоқтағұлдың әруағы қолдасын,
Бір шумақты айтшы, – деді, – табанда».
Тұңғиық жан тереңіне батырып,
Ұлы Адамның жүрек ойын тоқыдым.
Бұл бір сөзден сасып қалып, ақыры,
Мағжанға арнап жазған жырды оқыдым.
Оқығаным жақсы болды маған да,
Бұл шумағым болу керек ұнаған.
Шыңғыс аға атымды айтып табанда,
Құшақтады ұлы тұлға, ұлы Адам.
Ел-халқыңның біткен жансың бағына,
Қазаны ойлап қамығуда Ел бүгін.
Қоштасарда, Шыңғыс, аға тағы да,
Сол шумақты қайталаймын мен бүгін:
Жанды өртеніп жүрегің жанғанынша,
Қақтың қанат қанатың талғанынша.
Сен өлмейсің,
Уа, Шыңғыс,
Сен тірісің,
Жер бетінде бір қырғыз қалғанынша,
Жер бетінде бір қазақ қалғанынша!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу