Өлеңдер ✍️

  08.09.2023
  75


Автор: Шөмішбай Сариев

Жаз өтіп бара жатыр қайда асығып

Жаз өтіп бара жатыр қайда асығып,
Қайтеді баяғыдай жайнаса үміт,
Көктемге бір сәт болсын қайта оралса,
Аспанға тастар ма еді айды асырып.
Айлы түн талай бізге жақты шырақ,
Мөлдіреп көз алдымда ақты бұлақ,
Еркелеп дүниеге шалқалап бір,
Таулардан тау өзені жатты құлап.
Құласаң қай жақта да жасыл шалғын,
Жанбасын демеп қолдап асылдардың,
Өмірде қайталанбас ғұмыр кешіп,
Жүресің ортасында ғасырлардың.
Бір ғасыр – бір күнің де сүйіп өткен,
Не ғажап бұл бір сезім биік еткен.
Өртеніп ғашықтықтан жұлдыздар да,
Сезім боп ағып жатыр жиі көктен.
Көкте жүр – көңілдердің көбі аспанда,
Көктемнен – жаз шағында жол асқанда.
Толғанып, тебіреніп тасып аққан
Кеудеңнен өзен дария толастар ма?!
Өтеді не бір дәурен жас шағында,
Айналып аққу ұшқан аспанында.
Көзді ашып, жұмғаныңша аялдамай
Жаз өтіп бара жатыр, қасқағымда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу