Өлеңдер ✍️

  08.09.2023
  52


Автор: Шөмішбай Сариев

Жаз өтіп бара жатыр жайлап басып

Жаз өтіп бара жатыр жайлап басып,
Ағысы ұлы өзеннің қайнап тасып,
Қызғалдақ гүлдеріндей құлпырады,
Балдәурен жан-жағымда жайнап ғашық.
Ғашықтық ғашықтық па қанды ысытпай,
Сезімдер жай жата ма жанды ысытпай,
Жапырақ етегінде дөңгеленген,
Дүние тамып түскен таңғы шықтай.
Таңменен оянады ұлы Күнім,
Тербетіп өзен-бұлақ тұнық үнін,
Тіршілік бастап жатыр өз жұмысын,
Күллі әлем көз алдымда тірі бүгін.
Бүгінім – күнім деймін ең бақытты,
Жүрегім әр күнді ойлап толғатыпты,
Келемін ұмтылумен алға асығып
Алдымда бір жеткізбес жол жатыпты.
Жолымда жайқала өскен қызғалдақтар,
Құсы көп сан алуан қызған бақтар,
Маусымым, шілде-тамыз жаз дәуренім
Тау-шыңның басындағы мұздан сақтар.
Енді мен осы жолда қатты адасам,
Сымбатын сал-серілік салт санасам,
Ақындық жанарымен бір бұрылып
Жаз өтіп бара жатыр жалт қарасам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу