Өлеңдер ✍️

  05.09.2023
  112


Автор: Шөмішбай Сариев

Түйе – шөлдің кемесі

Түйе – шөлдің кемесі,
Аққу – көлдің кемесі.
Түйе – шөлде жүзеді,
Аққу – көлде жүзеді.
Шөл далада самал кеш,
Ымырттан соң қонар кеш.
Өлшеп бәрін табиғат,
Біріне берген нар өркеш.
Таң шапағын бояпты,
Айдын көлден оятты.
Өлшеп бәрін табиғат,
Біріне берген қанатты.
Алда асар белесі,
Көз алдымда елесі.
Қанатты, бірі –өркешті,
Көл мен шөлдің кемесі.
Қонбай кеттің неге сен,
Ғажайып ертек елесі ең.
Нар өркешті, нар тұлға,
Мен де шөлдің кемесі ем.
Қанатты құсқа теңесем,
Жүрегіммен кеңесем.
Айдында жүзген аққудай,
Сен де көлдің кемесі ең.
Айдаланың «әншісі»,
Өмірдің тиген қамшысы.
Шөлдеп жүрген шөлмін мен,
Көлдің мөлдір тамшысы.
Аққуым дер сен деп ел,
Ұмтылады төрлеп ел.
Айналайын, айдын көл,
Мені іздесең шөлге кел!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу