Өлеңдер ✍️

  01.09.2023
  56


Автор: Шөмішбай Сариев

Уа, халайық!

Уа, халайық!
Тұрыңдар!
Сот келеді!
Жалдауға —
Адвокаттың жоқ керегі,
Жүрміз біз бәріміз де кепілдікте,
Ғұмырымыз мәңгі емес,
Өтпелі өмір!
Өтпелі өмір!
Жадында жатталсын көп.
Жолдарда —
Бізді күтіп жатқан сын көп.
Кепіл — өмір берілген бәрімізге,
Уақыт — соттың алдында ақталсын деп,
Адамзат!
Ертеңіңді бесікте ойлан,
Туғанда-ақ тағдыр соты шешіп қойған.
Табиғат алаламай бәрімізді,
Өлімнің жазасына кесіп қойған.
Өмірдің алары аз,
Көп берері,
Ақтауға —
Адвокаттың жоқ керегі.
Әділетті,
Ең қатал Уақыт атты,
Уа, халайық!
Тұрыңдар!
Сот келеді!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу