Өлеңдер ✍️

  27.08.2023
  62


Автор: Шөмішбай Сариев

Дүниені жалт қаратсам деп едім

Неткен жұмбақ шексіз аспан көк едің,
Ғалам деген қандай ғажап кең едің.
Жүрегімнен өлең сыйлап өмірге,
Дүниені жалт қаратсам деп едім.
Өмір қызық, адам оған тоймайды,
Ғұмырымды ұзартсам деп ойлайды.
Таулар үнсіз құлақ салған жырыма,
Не жазсам да бір қозғала қоймайды.
Жердің өзі бір орнында тұрмайды,
Өмір деген бір ешқашан тынбайды.
Шалқар айдын өлеңімді кей-кейде,
Теңіз терең толқынымен тыңдайды.
Табиғатта зат болмайды тіл білмес,
Өмір-жұмбақ, құпиясын білдім кеш.
Өзен-бұлақ, дариялар да асығыс,
Жыр шумағын тыңдауға да үлгірмес.
Тағдыр деген сан мың саққа сүйрейді,
Тіршілік пен өмір өзі билейді.
Тауларға да бір қарауға қол түгіл,
Көзіміздің қолы кейде тимейді.
Тірлік сыйлар тұз-дәмдерін татамын,
Ойға шолып, бір ғажапқа батамын.
Дүниенің бәрі сондай қарбалас,
Сонда да мен өлең жазып жатамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу