Өлеңдер ✍️

  14.07.2023
  87


Автор: Серікбай Оспанов

Бір күн өтті, көріктім, көрмегелі…

Бір күн өтті, көріктім, көрмегелі,


Өмірдің осы екен ғой шөл дегені.


Дәл өзіңдей ессіз ғып, елегзітіп,


Ешбір адам көңілімді бөлмеп еді.


 


Бір күн өтті – бір ғасыр бұл мен үшін,


Күлкі кетті,


Тарылып тұрды өрісім.


Өмір сүру өзіңсіз қиын екен,


Қалай болар көңілсіз күн көрісім?!


 


Өзің жаққа барып-ақ тұрады ойым,


Есіме алсам дір етер тұла бойым.


Өзің деумен,


Елеңдеп көз ілмеумен,


Өмір деген өлшемді тынар ойын.


 


Өмір деген өлшемді тынар бақыт,


Ойымды ешкім өзіңнен ұғар ма артық?!


Көкжиекке күн болып мен батқанда,


Ақ арманым ай болып шығар қалқып.


 


Сонда, жаным, сырды ашып тілдесерсің,


Менсіз талай тамаша күн кешерсің.


Гүлзар бақта күлімдеп таңмен бірге,


Қызыл, сары, жасыл, көк гүл кешерсің,


Сонда мен деп гүлдермен тілдесерсің.


 


Сонда, жаным, сыйлығың болсын маған,


Арманыңа мен жайлы толсын далам.


Түндерімді жалғарсың бірге өтпеген,


Күндерімді жалғарсың қосылмаған.


 


Ойларымды жалғарсың – арманымды,


Тек есіңе, жаным-ау, алма мұңды.


Сезсем болды сол жақта жатып та мен


Өзімді ойлап өкініп қалғаныңды.


 


Бір күн өтті.


Екеуміз жолықпадық.                    


Бақытымыз ортайды толып барып.


Жылы жақты еске алып жылынамын,


Өзіңсіз өңірде бұл тоңып қалып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу