Өлеңдер ✍️

  13.07.2023
  80


Автор: Серікбай Оспанов

Балдай таудың баурында...

Балдай таудың баурында


Балдай өзен әдемі.


Балдай атты аулымда


Балдай бір қыз бар еді.


 


Балдай – менің ауылым,


Балдай – қыздың ауылы.


Сағындым жел, дауылын,


Балдай еді жауыны!


 


Тосқан бірге ерінді


Тамса көктен тамшылар,


Барарыма сенімді


Балдай сол қыз бар шығар?!


 


Сағындырды сан кісі,


Аңсадым бал – көлді де.


Жауынының тамшысы


Тамса, шіркін, ерніме!


 


Тамса, шіркін, ерніне,


Қатар тұрсақ тағы да.


Арман бізге енді не,


Керегі не жаныма?!


 


Бақыт іздеп барамын


Балдай таудың баурына.


Балдай қызды табамын,


Барамын мен аулыма!


 


Десем де сол ұяның


Шетіне әлі бармадым.


Бәрі-бәрі қиялым –


Бала күнгі арманым.


 


Жүрсем де өнер жолымен,


Ілессем де жарқылға,


Сақтап келем оны мен


Сол кіршіксіз қалпында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу