Өлеңдер ✍️

  10.07.2023
  66


Автор: Серікбай Оспанов

Жаңбырда

Ойнап шығып қара  бұлт,


Жаңбыр   құйды   шелектеп.


Бізден   қалған   балалық


Жүгіріп   жүр   дедектеп.


 


Қапты-ау   жаңбыр   астында,


Қысылады   бойжеткен.


Жанарында  жас  тұр   ма,


Бетін  сүртіп қойды еппен.


 


Әлдеқайда   асығып,


Жөңкіп,


Мөңкіп   бұлт   кетті.


Қыз  тұр  төсін  жасырып,


Жүрек шіркін, бүлк етті.


 


Денесіне   көйлегі


Дене   болып   жабысып,


Әрең-әрең   сөйледі


Ұятымен   алысып.


 


Қос жанар мен қос жанар


Қалды   сәтке   табысып.


Сезіміммен   оспадар


Мен де тұрмын  алысып...


 


Өнердегі   ол  болды  шың,


Өмірде  де  ол жоғары...


Тұңғыш  көрген сол  мүсін


Қайталанған   жоқ   әлі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу