Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  63


Автор: Серікбай Оспанов

Жаңа пәтер алған досқа тілек

Үйіңнен бұл болсын жалғыз дала кең,


Сыйсын мұнда ойға сыйған бар әлем.


Кеңдігі үйдің – көңіліңнің кеңдігі,


Тарылса егер тарылсын үй баламен!


 


Жаңа үйде бұл дәмін білме қайғының,


Тоймен өтсін,


Болмасын бір жай күнің!


Ұзартпайды дүние-мүлік ғұмырды,


Денсаулық пен шаттық болсын байлығың!


 


Жолдас-жора, достарың мен қимасың,


Шеніңді емес,


Өзіңді тек сыйласын!


Сыйластықтың жоқтығы емес,


Үйіңе


Балаларың көптігінен сыймасын!


 


Бұл өмірде оңай да бар, қиын бар,


Дауылдар бар,


Жауындар бар, құйын бар.


Жауын болсын,


Дауылдардан сақтасын,


Дүние емес,


Достарды көп жиыңдар!


 


Алда әлі миллион сан бар үміт,


Тіршілікке қалма дейміз бағынып.


Дүниеге жеткен сайын қалтырап,


Үй кеңісе көңіл қап жүр тарылып.


 


Алынбаған қамалдарың алынсын,


Бір күн өтсе көршілерің сағынсын.


Ешқашан да тарылмасын көңіл бұл,


Тарылса егер үйің ғана тарылсын!


 


Бүгін тойда айтылар сөз сондай көп,


Татулықсыз ошағыңда жанбайды от.


Мен тілеймін от басына жарастық,


Жаңа үйде де жақсы көрші болғай деп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу