Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  29


Автор: Серікбай Оспанов

Ұқпағаным...

Ұқпағаным,


Бар шығар ұққаным да,


Ұтылғаным,


Бар шығар ұтқаным да.


Тауы неге шағылды демеңіздер,


Қабағымды кейде бір шытқанымда.


 


Жетпегенім,


Бар шығар жеткенім де,


Қысым, күзім,


Бар шығар көктемім де.


Мені өмірге өкпелі демеңіздер


Ойға сүңгіп қиялдап кеткенімде.


 


Жыламаған шығармын,


Жылаған да


(Табиғат қой теліген мұны адамға)


Тұрмайды деп қайтадан ойламаңдар,


Аңдаусызда сүрініп құлағанда.


 


Сезді бәлкім,


Сезбеді мұңымды ешкім,


Мұң алдында мен бірақ бүгілмеспін.


Елім барда еңсемді көтеретін,


Бұл өмірден ешқашан түңілмеспін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу