Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  180


Автор: Серікбай Оспанов

Көрші үй

Бірі мен бірі жатпайтын онда санасып,


Тұрдық біз солай көрші боп ұзақ жарасып.


Баламыз онда, бәрін де білем бірақ мен,


Қоңсы шал маған қарайтын еді жаны ашып.


 


Кезіп бір кетсек достармен дарқан даланы,


Тығылмақ ойнар шилердің орны бар әлі.


Қонақ кеп қалса арада жүрді қыдырып,


Шай кеселер мен екі үйдің аяқ-табағы.


 


Білмеппіз онда жақсылықтардың бағасын,


Бар еді бізде ізгілік – інжу, жарасым.


Күретамырдай соқтырып лүп-лүп жүректі,


Жалғайтын соқпақ үйлер мен үйлер арасын.


 


Көрші үйде өтсе қызықты думан көп күнім,


Кішісі маған еркелеп жақсы бопты інім.


Таласып қалсақ ұрыспай маған әкесі,


Білдірмеуші еді әкемнің әсте жоқтығын.


 


Жарлы едік сәл-пәл,


жарлы да болсақ көңілді ек,


Отырды анам «төрге шық, міне, төрім!» деп.


Екі үйдің емес,


Бір үйдің адамдарындай


Тарасатынбыз бір табақ етті бөліп жеп.


 


Сағыныш болар – кеудені кеулеп жатқан мұң,


Асыра айттым, бәлкім, мен сонша мақтандым.


Сіздің үй жақтан шығатын еді


Арайлы


Қызарып келіп біздің үй жаққа батқан күн!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу