Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  42


Автор: Серікбай Оспанов

Қарттар

Әкем жайында айтқанда жүзін мұң басқан,


Ауылда талай қарттар бар бірге сырласқан.


Бірге өсіп, бірге соғыста болып әкеммен,


Талай да талай қырсықты жеңіп, қырды асқан.


 


Қарттар бар талай әкеммен келіп кеңескен,


Келіспей қалып кикілжіңдескен, егескен.


Бәрі де бүгін көзайым болар жолықса,


Досының көзі – шығармай жүрер мені естен.


 


Қарттарды сол бір көргенде шексіз шаттанып,


Өтінем айт деп әкемнің сырын ақтарып.


Жыр етер сонда таусылмас жақсы істерін,


Қаламын тағы ол үшін мен де мақтанып.


 


Айтады олар балалық күнін балдырған,


Еске алып шақты тал мініп жолды шаң қылған,


Айтады олар жастықтың өшпес жалынын,


Замандастарын жаңа өмір үшін жан қиған.


 


От жылдар  салған жүректерінде жара көп,


Көненің көзі – қарттардан асқан дана жоқ.


Еске алып өткен қиындықтарды, қызықты,


Жылайды сосын бір сәтке олар бала боп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу