Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  45


Автор: Серікбай Оспанов

Бас иемін, киелім!

Бабалардың даламды


Қимай-қимай өткені-ай.


Далама біткен жанарды


Сыйлай-сыйлай өткені-ай.


Ағалардың даламды


Шимай-шимай еткені-ай!


 


Аямайтын заман кеп,


Төрін жырып жатқаны-ай.


Кенін тауып алам деп,


Өрін сырып жатқаны-ай.


Шөбін шауып алам деп,


Көнін қырып жатқаны-ай!


 


Атамекен – үй біреу,


Көрген қорлығы әлі аз ба?!


Кең даламды кейбіреу


Салмақ талан-таражға.


Тыртық-тыртық онсыз да,


Ұқсайды аяқ-қолсызға!


Жыртып-жыртып алатын


Қол сүртетін қағаз ба?!


 


Шабуылға шықтық-ау


Жерімізге жендеттей.


Батырмыз деп ұқтық-ау,


Қайтеміз біз кер кетпей?!


Зираттарды жырттық-ау,


Қалғандай-ақ жер жетпей!


 


Болмас па еді таптамай


Ата-баба сүйегін?!


Аруағың атпағай,


Қара жер, бас иемін!


Құдай өзі сақтағай,


Қайда, ағайын, киелің?!


Қайда, ағайын, киелің?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу