алу
👈 қаріп өлшемі 👉
қосу

  Өлеңдер ✍️

  01.06.2023
  99


Автор: Серікбай Оспанов

Сәуір айы, 1945

Сәуір болмай – тәуір болмас.


Қазақ мақалы.


 


Жау жеңіліп,


Жеңіс келген дәуірде,


Тау көрініп,


Қол созып ел тәуірге


Тұрған шақта


Өскен гүлдей


Туыппын


Мың тоғыз жүз қырық бесте,


Сәуірде.


 


Сәуір айы- тәуір айы жылдардың,


Туа салып қар ерітіп, мұз жардым.


Көзге тұнған мұң-қайғыны жоғалтып,


Қайтардым мен бетін қысқы ызғардың.


 


Желге екпін,


Алып келдім елге екпін,


Жеңіс туы болып көкке төрлеттім.


Шаттықтарды жүректерге қондырып,


Сай-саланы ,


Өзен-көлді селдеттім.


 


Ай ғажайып,


Жыл керемет мен жеткен,


Әсем әуен жатты естіліп жер-көктен.


Тыныштықты бөлеп бірге менімен,


Қуанышын анам сонда тербеткен.


 


Деседі ел айтылмаған жоқ өлең,


Сен де оқушым, көрсең ән-күй төгер-ең.


Бәрі-бәрі жырлап бибітшілікті


Жүрегіне!


Жүрегіне бөлеген!


 


Бейбітшілік жырын жырлап ер жеттім,


Мен де оны көкірегімде тербеттім.


Аяласын,


Аямасын мейрімін,


Оны енді ұрпағыма бермекпін.


 


Үп етсе жел ел құлағы түріліп,


Әр кеудеде жүр әлі үрей,


Жүр үміт.


Мың тоғыз жүз қырық бесте көмілген


Соғыс қайта кетпегей деп тіріліп!


 


Сәуір айы- тіршіліктің жыр-әні,


Нұрға,


Жырға,


Тәтті әуенге тұнады.


Сәуір келсе,


Баяғыдай елді мен


Бір серпілтіп тастағым кеп тұрады.





Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы