Өлеңдер ✍️

  28.05.2023
  64


Автор: Серікбай Оспанов

Күз, тағы да келдің бе...

Күз, тағы да келдің бе


Ағаштарды алтындап?


Берекеңді  бердің бе


Күн боп күліп, жарқылдап?!


 


Байлығы сен Жердің де,


Ел еңбегін қайтарып,


Жеміс болып келдің бе,


Егіс болып жайқалып?


 


Қаяу салып көңілге,


Жапырақтар үзілді.


Келдің бе сен менің де


Жақындатып күзімді?


 


Дала бүгін сан құрақ:


Қызғылт, сары, көк, ала...


Жаптың ба сен жапырақ


Тоңбасын деп Жер-Ана?


 


Туған жердей қайда бақ,


Жетер оған, сірә не?!


Төсін оның аймалап


Жапырақтар жүр, әне!


 


Үнсіз басын шайқаған,


Мұң берді ағаш жаныма...


Кетесің бе қайтадан


Қайтқан құс боп тағы да?! 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу