Өлеңдер ✍️

  25.05.2023
  267


Автор: Нұрмахан Назаров

ӘЗІРЕТІ ТҮРКІСТАН

 


Құдайдың нұры жауған жер,
Екенің шын, Түркістан!
Құл Қожахмет Иассауи,
Мекенісің, Түркістан!

Жанға шипа желің де
Әзіреті Түркістан!
Аз болған жоқ сенің де
Қасіретің Түркістан!


Жеттің бізге, сан қилы,
Замандардан, Түркістан!
Жоңғарлардан қанқұйлы,
Аман қалған Түркістан!


Қоқан-лоққы Қоқаннан,
Көрген талай Түркістан!
Көкірегінде от-арман,
Сөнген талай Түркістан!


Жау кеп жақын-алыстан,
Шапқылаған Түркістан!
Зеңбірекпен орыстар,
Атқылаған Түркістан!


Тарихың бар ақсамай,
Жаңғырып жеткен Түркістан!
Ақсақ Темір Ақсарай,
Салдырып кеткен Түркістан!


Ашыққанға жаны ашып,
Асын тосқан Түркістан!
Алты алаштың баласы,
Басын қосқан Түркістан!


Лашын ұстап шайырлар,
Салдық құрған Түркістан!
Есім, Абылай, Хақназар,
Хандық құрған Түркістан!


Қаз дауысты Қазыбек,
Қастер тұтқан Түркістан!
Тәуке, Жәңгір, Жәнібек,
Бас кент тұтқан Түркістан!


Ұлы Жібек жолында,
Көпір болған Түркістан!
Қырық мешіт қырық базар,
Нөпір болған Түркістан!


Исі түркі – үлкен үй,
Есімісің Түркістан!
Ахмет сопы Жүйнеки,
Бесігісің Түркістан!


Бақырғаный Сүлеймен,
Сенде туған Түркістан!
Құшағыңда гүл-бейнем,
Мен де туған Түркістан!


Шырқай бергім келеді,
Шырқай бергім Түркістан!
Едігедей ер еді,
Сұлтанбегің Түркістан!


Ықылым заман алыста,
Сақтар тұрған Түркістан!
Рухы жүрген ғарышта,
Саттар туған Түркістан!


Ақын-шайыр, жыр-нөпір,
Елден елге жұғысқан.
Сенде туып Міртемір,
Кемелденген Түркістан!


Сен деп соққан жүректе,
Бұрқасын бар, Түркістан!
Өзің баулап түлеткен,
Нұртасың бар, Түркістан!


Шортанбайдай жоқ ақын –
Кемел шыққан Түркістан!
Мұсабектей сом алтын,
Сенен шыққан Түркістан!


Ән қаласы – Әдемім,
Күн қаласы – Түркістан!
Тең көрмеймін әлемнің,
Мың қаласын Түркістан!


Ауысады замандар,
Ауысады патшалар.
Өсер жаңа қалалар,
Өсер жаңа бақшалар.


Туар талай көсемдер,
Туар талай шешендер.
Келер ұлы ақындар,
Келер ұлы батырлар.


Сонда, қайта сілкініп,
Түрленерсің, Түркістан!
Қырмызыдай құлпырып,
Гүлденерсің Түркістан!


Жаңа туған азат күн,
Өткенде еске жиі алар.
Әз жақсысы қазақтың,
Саған талай жиналар.


Уа, дариға! Қазақтың,
Бұзылмаса бірлігі,
Қызып жатса тірлігі –
Саған да арман Түркістан!
Маған да арман Түркістан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу