Өлеңдер ✍️

  24.05.2023
  73


Автор: Мехнат Теміртасқызы

Екі жұлдыз

Біз екеуміз кездескен де көктем еді мүлгіген,
Айдан астар, бұлттан көрпе жамылғанды түн кілең.
Жұлдыз жерік, күлкісіне қоңыраулы жүректің,
Желпіп өтті жанымызды жанға жайлы бір екпін.
Үндемедік, мүмкін іштей шоқ жұлдызға теңерсің,
Мен ұнатқан ғашық-жүрек жаңылмаса егер шын.
Үркер ауар сəтте ғана жанарыма тік қарап,
«Менің жаным садағасы бір күлкіңнің» дегенсің.
Кірпігімде шық қалқыды, саусағыңмен ілдің де,
«Енді сені жылатпаймын, жылатпаймын білдің бе?! —
Саған зауал келер болса, мен кеудемді тосам» деп,
Нұр бергенсің шерге толы жүрек деген шіркінге.
Басылар ма ғашық жанның, асық жанның құмары,
Сағыныштың сарсаң күйі санамызда тұр əлі.
Біз қайтуға беттегенде, түн түңлігін тілшелеп,
Қара аспаннан екі жұлдыз жерге қарай құлады.
Селт еткенмін, сезімтал ғой жүрегіме нетерсің,
Қойшы дедім, мазаланба махаббатқа мекенсің.
Өтті күндер оралмадың, екі жұлдыз сияқты,
Өмірімнің аспанынан ағып түскен екенсің.
Хабар күттім, келдің бір күн кешірдім бе, кештім бе,
Ғашық болып қалған кезде болар дейсің ес кімде?!
Сол бір көктем зүбəржаттай сəулеленіп тұрғанмен,
Ағып түскен жұлдыз жайлы айтқаным жоқ ешкімге!
Бірақ оны, біле алмадым,
Кешпедім бе, кештім бе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу