Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  202


Автор: Қожа Ахмет Яссауи

ӘНТӘЛ ҺӘДИ

Құнсыз құлың – дәргейіңе жылап келдім,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди*.
Ия, Құдірет, адастырмас шырақ бергін,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
Болдым басыр, мыйсыз басты нанға тығып,
Сеніменен сырласпаппын таңда тұрып.
Кешермісің өкінсем мен мәңгі «аһ» ұрып,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
Азғын жолға түстім, достар, халім – харап,
Жөн айтар ма жиған жандар қарынға – бақ?!
Сен жол көрсет, Жаратушым – Әли Жанаб*,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
Қорқып келгем Жан мен Тәннен харамдалған,
Кенет маған дауыс жетті Жан-АЛЛАМНАН.
Қайта жақты үміт отын тәмам болған,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
Жылап келдім, бетім бар ед кімге қарар,
Айдың нұрын шырақ қылшы түнде жағар.
Падишам – Сен, сүйенішім – Бір және Бар,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
Кір күнәмен былғап алдым иманымды,
Бұралқы итпін, қақпан шалған сирағымды.
Қалай көрем бұл хәліммен Дидарыңды!? –
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
Қол-аяғым куәлік берер өлгенде мен,
Сен кешпесең, ақтала алар пендең немен?–
Күнәм шексіз, жұртта қалған шермендең ем,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
Көп қылмысым ауру қылды – Дәргерім Сен,
Жаным да – Сен, Сүйіктім де, Дәрменім – Сен,
Адасқанның халін сұрар Жан-Бегім – Сен! –
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

 Кім бола алар саған деген сенімге кес?! –
Сенсіз жүрген жолым дәйім менің көмес.
Мейіріңсіз қиындығым жеңілдемес,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
Жерде, көкте Сенен өзге Қадір* де жоқ,
Осы сөзді естіп тұрсың – шәгім де жоқ.
Бірсің, Барсың, еш шүбәсіз әзір де боп,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
Мен жолыңа басты берем, Қадір-Жарым,
Бас деген не? –
Жүз мың пида ғаріп жаным!
Дертім – өзің, Дәрім де өзің, Зарым – қалың,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
Сенің зауқың бар қорегі Жан-Иманның,
Махаббат бер, орынына жанымды алғын.
Махшар Күні Нұр ғып соны қабылдармын,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
«Құл һу Алла» Сүбхан* сөзі – қамшы-дағы,
Ораза, намаз, тәхлил, тәсбих – жаршылары.
Пірмұғандар* тәліптердің шамшырағы,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
Зікірін айтып Әнтәл Һәди, Әнтәл Хақтың,
Келіп еді тура жолда шер тарқатқым. –
Шайтан қорқып зікірімнен, дәркәр таттым,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
Әнтәл Һәди, Әнтәл Хақтың зікірі зор,
Пірмұғанның сөзін ұқсаң пікірі зор, –
Жан сарайың жарық табар – шүкірі мол. –
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
Құл Қожа Ахмет, рахым тисе – көгергенің,
«Шүкір» дейін, «пендем» десе Егем мені.
«Пендем» демей, жүз қайырса – сөнер көгім,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.
 


---------------------------------------------
Әнтәл Һәди* – Сен, тура жолға салушы.
Әли Жанаб* – мәртебелі мырза.
Қадір* – Құдіретті, яки АЛЛАНЫҢ толық күші жетуші деген сипаты.
Сүбхан* – пәк, яки Сүбханалла – пәк Алла деген мағынада.
Пірмұған* – рухани жетекші.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу