02.04.2023
  123


Автор: Ораза айт

Айт күнгі мұстахаб істер

1. Ертең айт болатын түнді ғибадатпен, зікір, намаз, Құран оқумен, дұға, истиғфар тілеумен өткізген дұрыс. Бұл істерді түннің соңғы бөлігінде орындаған жөн. Реті келсе, бүкіл түннің біраз бөлігін ғибадатпен өткізген жақсы. Бұл жайында Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Кімде-кім ораза айты мен құрбан айтының түндерін Алладан есебін тілеп ғибадатпен өткізсе, оның жүрегі жүректер өлетін күні (Қиямет күні) өлмейді». Түнді ғибадатпен өткізе алмаған адам сол түннің алдындағы құптан намазы мен содан кейінгі таң намазын жамағатпен оқыса сондай сауапқа ие болады. Айт түні қылған дұға қабыл болады.
Жұма, ражаб айының алғашқы түні, шағбан айының  ортаңғы түндеріндегі дұғалар сияқты айтқа қараған түні де дұға тілеу мұстахаб.
2. Жұма күндеріндегі секілді айт күндері де ғұсыл құйыну, иіссу себіну, тісті мисуакпен тазалау және ерлер үшін ең тәуір киімдерін киіп шығу. Бұл – Алланың нығметтерін көрсету мен шүкіршілік етудің бір белгісі. Ханафи мазһабы бойынша ғұсылды таң намазынан соң намазға шығардан бұрын құйынған жөн. Ханафилердің пікірлерінше бұл ғұсыл намаз үшін алынатын ғұсыл. Өйткені Алла Елшісі (с.а.с.) осы екі айт күндері таңертең ғұсыл алатын болған.
Әли мен Омар да (р.а.) айт күндері ғұсыл құйынатын еді. Пайғамбар (с.а.с.) айт күндері үстіне иіссу себетін және арнайы қызыл шапан киетін. Ал әйелдер ол кездері фитнадан қауіптеніп әтір себінбейтін.
3. Айт намазына ертерек әрі жаяу бару. Тіпті, таң намазынан кейін, күн шықпай тұрып барса жақсы.
Бұл алғашқы саптан орын алып, үлкен сауапқа ие болудың бірден-бір жолы. Әли (р.а.): «Айт намазына жаяу бару сүннет», – деген. Өйткені Пайғамбар (с.а.с.) айт күндері көлік мінбейтін. Ал имамның айт намазына жамағаттың соңынан баруы сүннет. Мүслім таратқан хадисте Пайғамбардың (с.а.с.) екі айт күндерінде айт намазы оқылатын жерге жамағаттан кейін келіп: «Намазға тұрыңдар», – деп айтқандығы баяндалған. Имамның да, басқа намаз оқушының да айт намазына бір жолмен келіп, басқа жолмен қайтуы ұнамды, мәндүб іс. Сүннетте солай. Бұхари риуаят еткен хадисте сол екі жол да куәгер пендеге болатындығы айтылған. Көбірек сауапқа ие болу үшін ұзағырақ жолмен келіп, қысқа жолмен қайтқан да дұрыс. Адамдардың құрбан айт намазынан соң құрбан шалуға, ал ораза айт намазынан бұрын пітір садақасын беруге үлгірулері үшін солай істелінеді.
4. Пітір садақасын айт намазының алдында беру мұстахаб іс.
5. Ораза айты намазына барардан бұрын тәтті тағамнан ауыз тию. Пайғамбар (с.а.с.) ораза айтына шығарда аздаған құрма жеген.
6. Өз отбасына сый-сияпат үлестіру. Осы күндері жағдайына қарай әдеттен тыс көбірек садақа беруге тырысу.
7. Мұсылмандармен жылы шыраймен, жымиып жүздесу. Туған-туыс пен жолдастардың үйіне барып, туысқандық пен сүйіспеншілік байланыстарын бекіте түсу.
 
Әуелгіде де, ақырында да Алла Тағалаға мадақ! Алланың мол салауаты мен сәлемі Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына болғай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу