31.03.2023
  282


Автор: Лашын Әзімжанова

Күзді қатты ұнатты

 


Мұқағали өлеңді көбіне түнде жазатын. Ертесіне бізге «бүгінгі жоспар орындалды» дейді. Бұл «өлең тыңдауға келіңдер» деп шақырған белгісі еді. Өлеңінің бірінші сыншысы да, тыңдаушысы да өзіміз боламыз. Ақын жас бала сықылды ғой. Мұқағалиға «Анау сөзің керемет! Осындай халықтық сөздерді қайдан таба қоясың?» десек, соған да мақтанып қалатын. Сондай айдарынан жел ескен алып Мұқағалиды ренжітіп, жетімсіретіп қою оңай еді…
Айнымайтын, айналмайтын, ашуланбайтын серігі, досы – өлеңі еді. «Өлең жазғанда бір жасап қалам» дейтін. Өлеңін оқығанда даусы кең, шалқып-тасып жатады, әр сөзі түсінікті. Өлеңін көңілді отырғанда ғана оқитын, дауыс­та ешбір мүкіс жоқ, өзі қандай зор болса, даусы да сондай таза, мөлдір, еріксіз ұйып тыңдап қаласың. Жыр жазған дәптерлерін жетісіне, айында бір қарап, аялап, түгендеп, қайта оқып, кейіннен жетпеген жерін қайта жазып, түзетіп, реттеп қоятын-ды. Мұқағали алғашқы жылдарда өлеңдерін ептеп түзейтін, ал кейінгі жылдары өлеңді алдын ала ойлап-толғап алып, дәптерлерге бірден жазып тастайтын. Жазуы өте сауатты, түсінікті болатын-ды. Өлеңді көбінесе күзде, қыста өндіріп жазып тастайтын. Мұқағали күзді қатты ұнатты…
1974-1975 жылдары жиі-жиі ауырып, емханаға түсіп жүрді. Емханада жатса да, сәл айыға бастаса қолына қаламын алып, өлең жазуға кірісіп кетеді. Сондай кездерде алты, жеті, кейде сегіз өлең жазып тастаған күндері де бар екен.
– Өлеңді аурулар тынышталып, ұйқыға кеткен соң асханаға барып жазамын. Менің кабинетім – аурулар асханасы,– дейді.
– Өзіңді-өзің күштей бермесеңші, демал, алдымен науқасыңнан айық, өлең қайда қашар дейсің,– деймін емханаға барған сайын.
– Мен өлең оқумен, өлең жазумен ауруымды емдеймін. Өлең жазғанда бар ауруды ұмытқандай боламын. Құдайың қолыма қалам ұстауға шамамды келтірсе, өлең өз-өзінен нөсерлеп төгіліп жатады,– дейтін. Мүмкін, өлер уақытының тақап келе жатқанын, бәрі есепте екенін білді-ау деп ойлаймын. Өзінің көзі тірісінде жеті жинағы,1976 жылы март айының ортасында таңдамалысы жарық көрді. Оның өзіне тиісті онын үйге алып келіп, қуанғанын айтпаңыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу