Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  432


Автор: Есбол Бозан

ІНІГЕ ӨСИЕТ

Тыңда, інім, бұл дүние тұрмас қолда,
Уақытыңды бос нəрсеге алмастырма.
Білімдар оқушыны үлгі тұтып,
Көшедегі бұзақымен жолдас болма.
Тыңда, інім, мақсат қой асқаралы,
Жетістікке жетудің жоқ басқа амалы.
Біл бірақ, сəулесі өшпейтұғын,
Нағыз білім иманнан басталады.
Тыңда, інім, жөнің жоқ налитынды,
Тіліңді біл, зерделе тарихыңды.
Еліңнің дамуы үшін, əлі талай,
Тəрк етуге тиіссің сан ұйқыңды.
Тыңда, інім, қимылда жұртың үшін,
«Арақ-шарап», «əн мен күй»,
Ол кім үшін?
Біле білсең, бұның бəрі жоспарланған,
Ұрпағыңды бір жола құрту үшін.
Тыңда, інім, көзіңді аш, болма соқыр,
Халқыңды табысты жолға шақыр.
Адам деген салынар құмарлыққа,
Бойында күш, басында қалмаса ақыл.
 
Тыңда, інім, дінді біл, Хақты таны,
Ғұмырыңа жиналып бақ тұнады.
Өз Құдайын ұмытқан залымдарды,
Жүрегімен қай адам жақтырады?!
Тыңда, інім, бұл болсын ортақ дерек,
Алда талай асу бар томпақ демек.
Мектеп аш, мешіт соқ, бала оқыт,
Еліме салиқалы ұрпақ керек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу