28.12.2022
  222


Автор: Сейітқұл Оспанов

«Мен ешкімге керек емеспін!»

 


 


Кешкі тамақтан соң, әркім өз шаруасымен шұғылданды. Лұқпан жазу жазбақшы болып, жатын бөлменің есігін тарс жауып алды. Ажар қолына есепшотын ұстап, залға – үстелге барып отырды. Айнұр үй тапсырмаларын бағана әзірлеген-ді. Енді қолы бос. Не істеу керек? Ұйқтауға әлі ерте. Көп ойланбады. Мультфильм көргісі келіп, теледидарды қосты. Сол-ақ екен, дарылдаған үн құлақ тұндырды. Ажар:


– Даусын бас, мен жұмыс істеп отырмын ғой, – деді.


Айнұр арналарды ауыстырып көрді: мультфильм жоқ, біреуінде спорт, екіншісінде халықаралық хабар, үшіншісінде опералық концерт, ешқайсысы ұнамады, теледидарды біржола өшірді.


Енді сурет салмақшы болды. Альбомы мен бояу қарындаштарын іздеп, шкафтың есігін сарт-сұрт ашып-жапты. Мамасы тағы да ескертті.


– Тарсылдатпа, ойымды бөліп жібердің, жаңылысып қалдым, тып-тыныш ойнасаңшы...


Айнұр ренжіді. Бірақ үндемеді. Не істесе екен? Сәл ойланды да, сары шашты пластмасса қуыршағын қолына алып, диванның үстіне келіп отырды. Қуыршағын әлдилеп естілер-естілмес күбір­леді: «Тыныш жат, жылама, мама жұмыс істеп отыр, кәне, ұйықтай ғой...» Алайда қуыршағы оның сөзін «тыңдамады». Қолынан сыты­лып «қаша жөнелді». Айнұр мамасының әлгіндегі ескертпесін есінен шығарды, диваннан секіріп түсіп, «ізінен қуды». Бөлме едені дүрс-дүрс. Ажар алайып бір қарады да, айқайлап жіберді:


– Неғылған баласың өзі? Тыныш ойна дегенім қайда?


Айнұр қалт тұрды. Қалай тыныш ойнайды? Тыныш ойын бар ма? Түсінсе бұйырмасын. Бұдан әрі шыдамады, залдан жүгіріп шықты да, екпіндеген күйі кірпігі жыпылықтап папасына келді.


Лұқпан үстелден басын көтеріп, жалт қарады. – Не болды?


Айнұр пырс-пырс етіп, көзін уқалады. – Мамам ұрыса береді...


– Не істеп едің?


– Ойнатпайды. Тыныш отыр дейді...


– Дұрыс қой. Мамаң қағаздарын реттеп... Жарайды, онда осында ойнай ғой... Айнұр қуанып кетті. Ойынға еркін кірісті. Бірақ қуанышы ұзаққа бармады.


Әлдебір қағазды қайшымен қаршылдатып қия бастап еді, папасы қабағын түйіп, ренжіген рай танытты.


– Жәймен қисаңшы... Миды жеді ғой... Айнұр күңк етті.


– Сен де мамам секілді...


Біраз уақыт үнсіз қалды. Сосын папасының қасына келіп:


– Шифоньердің үстіндегі анау үлкен кітапты алып берші, суреттерін көремін, – деді.


Лұқпанның ойы бөлінді. Автоқаламын үстелдің үстіне қоя салды. – Туһ, сен де! Жұмыс істетпедің ғой.


Амал жоқ, көрсеткен кітабын алып берді. Айнұр кітапты сатыр-сұтыр парақтай бастады.


– Жәймен парақтасаңшы... – Жарайды.


Бұдан соң бөлмеге тыныштық орнады. Адам таңқаларлық тосын тыныштық. Шыбынның ызыңы да естілмейді. Айнұр неге үнсіз? Әлде ұйықтап қалды ма? Отырса, бағанадан бері талай ескертпе жасатар еді ғой. Лұқпан бір түрлі елеңдеп артына қарады. Айнұр жоқ. Қайда жүр?


– Айнұр?!


Ләм-мим. Лұқпан орнынан тұрып, дәлізге шықты. Міне, қызық. Айнұр пыс-пыс етіп бүкшеңдеп сыртқы есіктің аузында аяғына етігін киіп жатыр. Үстінде қалың пальтосы. Лұқпан аң-таң.


– Ау, жеті түнде қайда барасың? Айнұр басын көтеріп:


– Бұл үйден кетем! – деді даусы дірілдеп. – Не болды?


– Мен ешкімге керек емес екенмін!


– Неге?


– Сол. Мені мамам да, сен де жек көресіңдер. Ұрса бересіңдер. Қит етсе айтатындарың: «тыныш отыр», «секірме», «есікті ашып-жаппа»... Мен сонда ешқандай ойнамауым керек пе?


Лұқпан істің мәнісін енді ғана түсінді.


– Қой, кәне, шешін, біз сені жақсы көреміз, папасының алтын қызы... Күнде асыр салып ойнап жүрген жоқсың ба? Бүгін тек тығыз шаруаларымыз болып... соған ренжіп қалдың ба?


– Сендер мені жақсы көрмейсіңдер. – Олай деме.


Лұқпан Айнұрды әрең жұбатып, бөлмеге алып кірді. – Қазір саған ертегі оқып беремін...


Айнұрдың көз жасын көріп отырып, жұмыс істеудің ретін таппады, үстелдегі қағаздарын жинастырды да, сөреден «Ертегілер» деген кітапты қолына алды.


– Кел, қасыма отыр.


Лұқпан Айнұрға қызық екі ертегі оқып берді. Сосын екеуі жасырынбақ ойнады.


Айнұрдың әлгідегі өкпесі аздап тарқағандай болды. Бірақ түнде: «Сендер мені жақсы көрмейсіңдер, мен ешкімге керек емеспін...» – деп ұйқысырап, бір-екі рет қатты-қатты айқайлады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу