Өлеңдер ✍️

  14.10.2022
  82


Автор: Қастек Баянбай

Біздікі емес

Біздікі еді мынау қала,
Анау бақ,
Бұлдыр тартып бара жатыр бәрі аулақ.
Жатырқайды бұрынғы аялдамалар,
Өзің күтіп тұрмағасын алаңдап.

Бақ та бүгін жабырқау ма,
Ойлы ма,
Шақырмайды бұрынғыдай қойнына.
Жас бұтақтар білектерің секілді
Асылмайтын енді менің мойныма.

Талай рет құшағына жасырған
Жасып өтем осы бақтың қасынан.
Жапырақтар саусақтарың секілді
Сипамайтын енді менің шашымнан.

Біздікі емес осылардың бәрі енді,
Тек ғашықтар билей алмақ әлемді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу