Өлеңдер ✍️

  27.09.2022
  107


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Жол

Ел қызғанып, болатын заман күндес,
Мен бір жолмен жүремін адам жүрмес.
Ол жолда- дінді ешкім де жақтамайды,
Ұжымақты ешкім де мақтамайды.
Тек жарыққа бастайтын күллі адамды,
Мен бір жолмен жүремін тым қараңғы.
Ол жолда тағып алған қайың сырға,
Досым, менімен жүруге дайынсың ба?!
Біреулер жол емес, ол- түрме дейтін,
Мен бір жолмен жүрем, ел жүрме дейтін.
Ол жолда- тек адамдық дін болады,
Үнсіздік- мемілекеттік тіл болады...
Досым- ау,
Сағыныш қой ол жолдың аты мәлім,
Жүр енді сол жолға мен шақырамын.
Қимайсың ба, Күніңді сен де мендей,
Болмайықшы, сол мұңды жеңбегендей.
Көрдің бе, ізін әне көнелердің,
Ізі анау- Айбергенов Төлегеннің.
Емен менен көмкерген гүл етегін,
Ізі анау емен ақын- Жұмекеннің.
Ләйлә деп хаттар жапқан алдаспанын,
Ізі ол Жұматайдай марқасқаның.
Болды енді қарай берме, із жетеді,
Осы іздер ертең бізді іздетеді.


Жол осы мен жүретін таңдап алған,
Сені де, күтсін, досым, арман алдан.
Еш ізді қайта баспа, алтын көкем,
Өз ізім осы жолда қалсын десең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу