Өлеңдер ✍️

  27.09.2022
  211


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Қасым

"Дариға, уа, дариға, шіркін дәурен,
Басымнан таярмысың, бір күн дәурен..."
Қасым АМАНЖОЛОВ
***
Дауыл жыр естіледі алтындаған,
Домбыра, сол күйді тарт, тартылмаған.
Қасымның маңдайдағы тағдырындай,
Қос жұлдыз сөніп кетті жарқылдаған.
Қу ажал қанып ішсе жыр тұмадан,
Олдағы аздау болар мүмкін оған.
Қасымды қойынына алған тас қара жер,
Арылмай ұйықтап жатыр бір күнәдан.
Өрт Қасым, жол таптың ба, көз көрімнен,
Айрылмас дос таптың ба өз көріңнен?
Ешкім де қирата алмас өз үйіңді,
Бейіштен тұрғыздың ба өз қолыңмен!
Селеусін серігің боп от қабірде,
Қарарсың жер бетінен жосқан ізге.
Жер үсті ақындарын жиып алып,
Жыр оқып бердіңдер ме, көк тәңірге?


Ақ сәуле, бурыл сәуле, майдан- өмір,
Дариға, шіркін дәурен, сайран өмір,
Алыстан қолын бұлғап шақырды ма?
Сен айтқан "ғашық жардай қайран өмір".
Тәкаппар, ей, дүние, наласы бар,
Ақынға оң көзіңмен қарашы ал!
Танырсың, танымасаң құдай болып,
Сәлем бер, сол қазақтың баласына!
Кәрі тірлік, сол әніңді тағы айтасың,
Бітпестей пенделермен жан айқасың.
Дүниеге келер деген талай Қасым,
Дүниеден өтті қазір талай Қасым.
Солардың рухымен айтам олең,
Солардың әруағына жайсам өлең.
Ертең- ақ, өтіп кетер бір ақынмын,
Қазірше Қасыммын мен қайта келген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу