Өлеңдер ✍️

  27.09.2022
  147


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Махаббат гүлі

Қарашаның қабағынан жыл аунап,
Беймаза шақ.Тырна қайтқан тыраулап.
Құстар әнін шырқап тұрмыз, тек үнсіз,
Мен және де құлазыған мынау бақ.
Шығар деуші ек алдымыздан күз күліп,
Аңғал едік, алдап кетті бізді үміт.
Біз көктемде көп жүретін көшемен,
Келеді әне баяу басып қыз жігіт.
Айтатындай сан жапырақ алақай,
Құлап жатыр, тағдыр ғой деп талапай.
"Ағай,ағай, гүл алыңыз"деп әлгі,
Шыға келді гүл сататын балақай.
Алыс кетіп ауылынан күдіктің,
Қыз ұялды отын жағып үміттің.
Міне, қызық былытырғы мен сияқты,
Гүл алуға ақшасы жоқ жігіттің.
Сан сынақты алдан шығар ұға алмай,
Қу тірліктің қамытынан шыға алмай.
Біз сияқты кетті ақыры екеуі,
Махабаттың бақшасынан гүл алмай...


Қосылмадық. Тағдыр бізді арбаған,
Тағдырынан асып туған бар ма адам?
Оқасы жоқ, мені сол гүл мүсіркеп,
Сені сол гүл қарғаған.
Құлағында тырна үні тыраулап,
Тағы күзбен қоштасып тұр бұл аумақ.
Гүлсіз қайтқан екі ғашық секілді,
Үнсіз тағы бара жатыр жыл аунап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу