Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  169


Автор: Темірше Сарыбаев

КЕШЕГІДЕН ӨЗГЕШЕ

Кешегіден өзгеше кәрі, жас та,
Айналамның секілді бәрі басқа.
Адаммын ба, аңмын ба, аурумын ба,
Өзімді-өзім айналдым танымасқа.
Түсінгім де келмей тұр түкке менің,
Таптырмайтын секілді күткен емім.
Жүректегі жарамды бүркей-бүркей,
Қуыстанып, қаусап-ақ біткен едім.
Жанымды жеп барады бықсығаным,
Сен де мендей өзіңді ұқшы, жаным.
Бұлғаңдамай, иілмей, қалбаңдамай,
Сынар кезде емендей тік сынамын.
Кешіре алсаң, келеді кешір дегім,
Гүл бейнеңді кеудемнен өшірмедім.
Сонша сені қинардай, азаптардай,
Айтшы, қанша хақым бар, не үшін менің?!
Өкпелемен, бостан-бос кінәламан,
Құладым ба – орнымнан тұра да алам.
Махаббатты шығарам мәңгі есімнен,
Құтылатын жол тапсам мұнан аман!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу