Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  208


Автор: Ақылбек Манабаев

ҚЫРЫН

(Төлеубек Жақыпбаевқа)
Қап-қара нүте сұғынып,
Аспанға батып барады.
Қап-қара нүкте бұрылып,
Қайқаңдап қайта ағады.
Тарбиған таудан ары аспай,
Жүрді де тінтіп жондарды,
Қырағы көзі адаспай,
Қиядан шалды көкжалды.
Аңдарды қуып даладан,
Қылғыған талай қыршынды,
Балапанын талаған,
Танушы еді бұл сұмды.
Қанатын сілке қомданып,
Қос жанары — от жайнап,
Ашуы қозып, долданып,
Кеудеге сыймай кек қайнап.
Кенеттен,
Жебе сияқты,
Шүйіліп төмен алды бет.
Қанжардай өткір тұяқты,
Қарш еткізіп салды кеп.
Жыртқышты жығып,
Шеңгелдей,
Желкеден бүре жұмарлап,
Өшіге төніп, өңмендей,
Астыға басты нығарлап.
Денеге әлі бас ұрмай,
Тұмсықты қанға бір малып.
Сақпанның ұшқыр тасындай,
Ұмтылды көкке зыр қағып.
Жеңді де жауын бұқтырып,
Самғады еркін,
Еңсе тік.
Әлемге асқақ мықтылық,
Жүргендей өзін көрсетіп.
Кезенсе кегін алатын,
Жүріп-ақ шалғай шығанда,
Шайқасқа дара шабатын
Рухы бар ердің қыранда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу