Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  280


Автор: Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

ЖАҢБЫР, ЖАҢБЫР

Жаңбыр әлі жауып тұр, жауады әлі,
Қоңыр дымқыл ұнайды ауадағы.
Нұқ пайғамбар мінген бір кеме құсап,
Арасында бұлттардың тау ағады.
Тау ағады бір ғажап құдіретпен,
«О, Құдайлап» сонда бір күбір ет, сен.
Дүлей күштің барлығын оймен жеңіп,
Біреулер бар өмірден тірі кеткен.
Жаңбыр, жаңбыр әйтеуір таусылмады,
Жарқыраған көрмедік маусымды әлі.
Мұз мұхитта жүретін мәңгіріп құр,
Айсберг сияқты тау шыңдары.
Тірлігіме көңілім тоқ сияқты,
Кейде бірақ, ешнәрсем жоқ сияқты.
Жаңбыр, жаңбыр тұра тұр әлі жауып,
Тағдырым бар әйтеуір ауық-ауық,
Алыстан бір жарқ еткен от сияқты.
Бекер кетті-ау жанымның талпынғаны,
Қайран өмір даяр тұр сарқылғалы,
Табынамын баяғы бір ақынға
Тауда туып, тауда өскен, тау тұлғалы.
Өткізе алмай өмірді өз мәнінде,
Көңілімнің жайлауы салқындады.
...Ақын құсап алысқа даңқы кеткен,
Алыста үнсіз найзағай жалтылдады.
Шаршатпаған не қалды дүниеде,
Кейде қайтқым келеді шын иеме.
Кім біледі, бұл жақта сүйінбеген
Сәби көңіл сол жақта сүйіне ме?
Анау да ие, бұл жақта мынау да ие,
Қожаң-қожаң етеді мынау дүние.
Менің осы нені ойлап жүргенімді,
Мың ойланып таба алмас мың әулие.
Аздым-тоздым анайы құр шындықтан,
Бір сұмдықтар озып жүр бір сұмдықтан.
Көкірегім сазып жүр сазды жердей,
Қажып жүрмін қаймақтай мұңсыздықтан.
Ат басындай берсе де алтын бәйгі,
Енді көңіл ешқайда талпынбайды.
Алты мұхит сыздарын жинап алып,
Сұр бұлттардың етегі салпылдайды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу