Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
16.09.2022
205
Мұң өзіңдей жүдетпесе, несі мұң?
Мұң өзіңдей жүдетпесе,
несі мұң?
Жүрек болып соғып
жатыр есімің!
Білем, сені сүйгендігім үшін-ақ
Менен әлі сұратады кешірім.
Қайран көңіл байлап қойсаң желіге
Бас бермейді...
бұғау оның теңі ме?
Білем, мені шын сүйгенің үшін-ақ
Кешірмейді мына ғалам сені де!
Тозағыңа бұрын салар тозақтан!
Салсын, мейлі, айырмам не әз оттан?
Жүрегіме жасын түсіп өлермін
Өлген соң да құтылмаспын азаптан.
Күз аяйды жалғыздықтай жесірін.
Мен аяймын гүдің соңғы шешімін...
Сүйгендігім үшін бірақ ешкімнен
Ант етейін, сұрай алман кешірім!
Гүл секілді махаббаттан өсіңдер.
Жер аударса, махаббат боп көшіңдер.
Сүйгендігім үшін емес, кеше алсаң,
Ақын болып туғанымды кешіңдер...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇