Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  76


Автор: Исраил Сапарбай

ТОШКОВ БОШКО

– Қабіріңнен, қадірлі дос, тұр, кәні,
Сен емессің қараңғылық құрбаны?
Жалғыз қызың жетімсіреп қалмасын,
Сол емес пе ендігі өмір жалғасың?
– Аман-есен қызым өсер, бойжетер,
Еркіндікті өз тілінде сөйлетер.
Менің құйттай құлдыраған гүл еркем
Әкесінің жолын қуар күні ертең.
– Тошков Бошко, сенің жарың аяулы
Құлдықта әлі, кұлазулы, қаяулы.
Қараңғыны қақырат та қамаған,
Құтқаруға тез арада бар оған!
– Жердегі бар махаббатты жаңалап,
Ерте атады еркіндіктің таңы әлі-ақ.
Жел лебімен желбіреген жалауы
Жас қыранды таңдау – оның қалауы.
– Сені жоқтап скрипкаң сыңсиды,
Айтшы, оны дәл өзіңдей кім сүйді?
Мойынсынбай жәбір, жапа, жалаға,
Сол үшін де жатырсың-ау молада?..
– Қарақшы сұм қарсы шығып жолымнан,
Амал қанша, жараландым қолымнан.
Мен өлімге жан емес ем асыққан,
Қарсыластым қалғанынша қасық қан.
Скрипкам жоқтатпайды жоғымды,
Сол ғой менің сақтап қалған қолымды.
Түсін, мейлі, жай-күйімді түсінбе,
Менің мұңым әуен-саздың ішінде!
Екеуіміз жұп жазбайтын секілді ек,
Скрипкам қалды-ау, әттең, жетім боп.
Еркіндіктің сазын төгер ол енді,
Сүйемелдеп өрттей қызыл өлеңді!
– Өріс берген бір кез өмір көшіне
Бачке
, бәлкім, түсер жиі есіңе?
Жаның сыздап, жанарыңа жас келе,
Қайта оралғың кеп тұра ма Бачкеге?
Бачке менен Мославина
– егіз гүл,
Егіз гүлді тым ертерек неге үздің?
Басқа жақта дәл сондай гүл бар болса,
Иіскеп, сүй соңғы демің қалғанша.
– Жолың түссе, Подгаричке соғып өт,
Сонау жылдар онда талай болып ек...
Менің рухым тірілермен тілдесер,
Қабірімнен қызыл-жасыл гүл де өсер...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу