Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  107


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАСҚЫР МIНЕЗ

Қақпанға түскен қасқыр қапы қалып,
Шайнады өз аяғын жатып алып.
Кеудесiн қара түннiң күйдiредi
Күйiнген көздерiнiң оты жанып.
Қасарған қақпанды да қауып көрiп,
Ырылдап, қанды езуден ағып көбiк,
Ызадан қалш-қалш етiп тың тыңдады
Қайырымсыз қара түннен қауiптенiп.
Аңысын аңдығандай жорта қашып,
Шырқауда жұлдыздар жүр анталасып,
Қанжардай азулары қарш-қарш еттi
Қайрансыз қайран арлан жанталасып.
Қиылған тамырлардан қан шұбырып,
Қиналды тағдырының нарқын ұғып.
Қасқырдың намысымен жан ұшырды
Тұрғандай құлағында қаншық ұлып.
Қарамай қан қақсаған жарасына
Аяғын шайнап үздi аласұра.
Өз қолын өзi кесер сол мiнездi
Адамның берер ме едi баласына!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу