Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  99


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АУЫЛ БАЛАСЫ

Бауырға басып өскен дала шөбiн,
Ауылдың қарасирақ баласы едiм.
Аңқау ем ажырата бiлмейтұғын
Адалдық – арамдықтың ара шегiн.
Ойласам – өткен дәурен мақпал жұмақ:
Топ еткем айдалада аттан құлап,
Шымшығы шүпiрлеген ши iшiнде
Жаяу қап, намыс буып жатқам жылап.
Қой қырықтым, шалғы тарттым, ертек ұғып,
Ешкiм де жiбермедi ерке қылып.
Өстiм мен өзге тiлдi бiлмесем де
От пенен судың тiлiн ерте бiлiп.
Боз талдай бүршiк жардым бұл ауылда,
Сан босап, сан ширықты бұрауым да.
Сауырын тосты талай сайтан – өмiр
Өрт мiнез, өрiм дене дырау ұлға.
Мен бүгiн бiлдiрмейтiн аза-мұңын
Қаланың қасаң тартқан қазағымын.
Тап-таза қолдарды да қысып тұрып,
Сәлемнiң сағынамын тазалығын.
Ауылдың қарасирақ балалары
У-шуға ұмтылады қаладағы.
Күнi ертең олардың да жүрегiне
Сағыныш – соқпа дерт боп жамалады.
Шалқалап шақырса да шапқан құрақ
Жiбермес қала деген қақпан, бiрақ.
Шымшығы шүпiрлеген ши iшiнде
Шыға алмай қалсам едi аттан құлап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу