Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  70


Автор: Жанат Әскербекқызы

Ай нұрынан ақшыл желек бүркеніп...

Ай нұрынан ақшыл желек бүркеніп,
Аққұба түн тереземнен тұр төніп.
Мен отырмын, түннің жұмбақ өңінен,
Өлеңіме өзек болар сыр теріп.
Жүрегімді бүлкілдеткен мұң шіркін,
Бұлқынады, дегендей-ақ бір сілкін.


Бетін еппен басып тұрып әйнекке,
Баяу-баяу сыбырлайды сыршыл түн.
Тәні жаурап, сәл естірте күрсініп,
Аймалаған Айға қылып құлшылық.
Ойлы түннің өресіне бөленіп,
Тыныштыққа балқып кетті тіршілік.
Жанарыма құйып беріп мұң-сырын,
Жүрегіме сезім сыйлап бір шырын,
Ұйып қалды, уыз боп түн бір сәтке,
Тыңдағандай жүрегімнің дүрсілін.
Сезімтал тал құлақ тікті елеңдеп,
Ай ұмсынды, маған жақын келем деп.
Жан-жүйемді сыздатқан түн бір кезде,
Жүрегімнен үзіледі өлең боп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу