Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  59


Автор: Досан ЖАНБОТА

ҚАЙҚЫ КЕЗЕҢ

Қайқы кезең. Қақпасындай шығыстың,
Кездесетін жері осы ағайын, жекжат, туыстың.
Қия қаптал, Қыны дерсің қылыштың,
Зеңгір көкте жылтырайды күміс күн.
Бұл кезеңнен тарихтың талай көші өткен,
Ұйғыр да асқан жүгін артып есекпен,
Моңғол да асқан, қарақорым қалмақ та,
Таразылап өлшесең жаңыласың есептен.
Жол əнеки өрімдей, ыстық оның табаны,
Құшақ жая тосыпты көпті көрген дананы.
Жақсылыққа жалғасар деп келетұғын ертеңгі
Аттандырған бұл ауыл арман қуған баланы.
Кезең міне, дəл төбеңде көк аспан,
Айналасы ақ таулар Хантəңірмен таласқан.
Рымғали ғұлама ыммен бəрін түсінген,
Қадірбек пен Ақселеу əзілдері жарасқан.
Ортасында Жəнібек бұлбұлы ол даланың,
Асқақтаған үн қандай, жайсаңы еді-ау, адамның.
Іңкəр көңіл, о, шіркін, ғашық еді өмірге –
Қонақ бол деп бұларды еліме ертіп барамын.
Əн шырқады Жəнібек əсем əуез қалқыған,
Қулық таудың құшағын қуанышқа толтырған.
Лəтипа, Тоты, Хадиша риза болып сол сəтте


Топырағы Қайқының қара алтындай балқыған.
Алқызыл жүзі алаулап, қызуы шалқып дененің,
Қалықтап жүрді Жəнібек аспанында Кегеннің.
Қарт Қарқара маңдайынан сүйді самал боп,
Осы шығар замандас «Бақытты шақ!»дегенің.
Дариғай, сол бір өткен күн өзіме де – ертексің,
Жақсылар кетті тым ерте, деді ме бізге «Тер төксін!»
Тұрмын жалғыз кезеңде, есіме алып достарды,
Əттең-əттең, дүние-ай, сол бір күнге не жетсін?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу