Өлеңдер ✍️
БАЙҰЛЫ БАЙБАҚТЫ ҒҰМАР ҚАЗЫҰЛЫНА
Тәуекел хақтың ісі бір Алладан,
Хаққа шет Алла десе болмайды адам.
Атамыз Адам ата Нәбиулла,
Өтіпті одан бері неше сұлтан.
Уақытында пайғамбардың болды құран,
Әлемге он сегіз мың болды сұбхан.
Шыңғысты Майқы әкеліп хан қылыпты,
Жасалды содан берлі жетпіс бір хан.
Хан емес біз көргендер – пірәуітіл,
Ақыры ақсүйектің – Нұралы хан,
Тоздырып Нұралының отыз ұлын,
Хан болған қара ұлында сіздің атаң.
Атаңыз ойды да алды, қырды да алды,
Былайғы Жемнің басы Сырды да алды.
Үргеште Мәдәмиге хат асырып,
Қара он мың қарақалпақ мұны да алды.
Сүлеймен қоңырат пен сартты да алды.
Былайғы жақын түгіл жатты да алды.
Дем тартып арыстанның жатқан жері
Нәсіпке бірден бірге бақыт қалды.
Замана осы күні болды қырын,
Алды ма қазақ теңін одан бұрын?
Жеткізген кіші жүзді мұратына,
Хан болып қара ұлынан атаң Сырым.
Хан болды атаң Сырым қара ұлынан,
Сескенді көрмей дұшпан дабылынан.
Адасқан ақыл сұрап аттанады,
Сол жаббар тарқаған жоқ ауылыңнан.
Алтынсың азбай туған жеті атаңнан,
Айнымай келатырсың қалыбыңнан.
Ұл туып Қазы, Жүсіп, Сырекеден,
Пайдасы астананың табылынған.
Дем тартсаң аждаһадай үйде отырып,
Кіші жүз шыға алмайды бауырыңнан.
Һайбатың артық еді арыстаннан,
Шулатып ақсүйектен кегін алған.
Жоқ еді сізден басқа қазақта адам.
Шулатып хан ұлынан кегіңді алдың,
Шұбыртып ақсүйектің жерін алдың.
Қу еді көлде отырған әлін көріп,
Сұңқардай қиқу салып көлін де алдың.
Құдайым артық жасап дәрежеңді,
Ақылдың билік пенен төрін де алдың.
Ақылың асты жұрттан білікпенен,
Кісіні билігі жоқ жігіт демен.
Нәсілің азбайтұғын тұщы бұлақ,
Табандап тар қонысқа тұрсын шыдап.
Болған жоқ бұ дүниеде сіздей адам,
Бой кіші, құлақ қары тұрсам сұрап.
Бұ сөздің түсінгенге болар мәні,
Табандап тар қонысқа жалғыз қалдың,
Халық үшін пида болды сенің жаның.
Осы жұрт сен болмасаң тозып еді,
Бақытына білгіш болдың мұсылманның.
Егер сен болмасаң жылайды еді,
Үргешке малын тастап шұбайды еді.
Баланың көз жасына болдың себеп,
Халық үшін қамын ойлап, қалдың жалғыз,
Жасап па, өлтіруге құдай бізді.
Шам болдың кіші жүзге адасқанда,
Табылған қақ ортадан сен бір алтын.
Баласын кіші жүздің бір жұбаттың
Ақылдың аз қараса қымбат нарқы.
Ғайыпты көрмей білдің ақылменен,
Ғайыптың ақылменен болжап артын.
Іс болса халық үшін қара тұман,
Тентекті тең қорқыттың мақұлменен.
Ісіңді анық батыл көргеннен соң,
Бастауға қарқуардай батыл да едің.
Ай туды шариғаттың ісі болды,
Атамнан анамменен жақын көрдім.
Халық үшін жалғыз өзің қалынғансың,
Бұ ісіңді шариғатқа мақұл көрдім.
Әуелі Алла, екінші сізден жәрдем.
Бір алтын қақ ортадан табылғансын.
Аз күнгі тірілікте құрмет етіп,
Болып тұр кіші жүзге жарылқасын.
Біз мұнда көшеміз деп долбарладық,
Көңілге шығын болды жел кіргендік,
Паналап ық жағында кәмал таптық,
Қонысқа сіз болмасаң келер ме едік.
Көштік те Тайсойғаннан Жемді көрдік,
Мал босып, адам бармас шөлді көрдік.
Пайдасын астананың сіз біліпсіз,
Кеңшілік кәмал дүние енді көрдік.
Ойласам жұрт пайдасын білген-дағы,
Халық үшін пида болып жүрген-дағы,
Жаратқан патша құдай себеп болып,
Сүйеген қолтығыңнан пірлер-дағы.
Азайды көрмегенің көргеніңнен,
Үлгі алды көрген адам өрнегіңнен.
Қазаққа хан, кәпірден патшалар бар,
Бірін де артық демен деңгеліңнен.
Қышқырсаң үйде отырып арыстандай,
Байұлы шыға алмайды шеңгеліңнен.
Баласын үш ананың шырқ үйірдің,
Сүлеймен уақытында дәуге мінген.
Аз еді қылмағаның қылғаныңнан,
Сыймадың тұлыбыңа туғаныңнан.
Он бесте патшаға хат асырып,
Тұлпардай ойын салдың тұрғаныңнан.
Қар жауады қаһарлансаң қайратыңнан,
Бұлбұлдай топта тілің сайратылған.
Қарасам түсіңізге түсер сәуле,
Гүлдердей бақшадағы жайнатылған.
Туа алмас азған уақытта сіздей адам,
Нұрынан күн мен айдың жаратылған.
Алланың берген күні ісі мұндай,
Һәркімнің уақытында туса мұндай,
Күлгенің – қоңыр салқын, қысқаның – қыс,
Қаңтардың үш ай тоқсан қысымындай.
Жүреді демің көкте, денең жерде,
Ертеңгі бидайықтың ұшымындай.
Болғанда демің көкте, денең жерде,
Дүние кімнен өткен жоқ пәлде-пәлде.
Келбағың ер арыстан Зал секілді
Сыймайсың бір қазақпен деңгелдерге.
Келбағың ер арыстан Зал секілді,
Лебізің, сөзің – шекер, бал секілді.
Дәрежең қара ұлынан асып болды,
Сынауға салтанатың хан секілді.
Ақылың қараны озып, ханға жетті,
Хан бар ма шет отырған ханнан да өтті.
Құдайым иманыңды толық жасап,
Теңгердің заманында аз бен көпті.
Тұсында көп пен азды теңгерген ер,
Көңіліне иманы жел берген ер.
Он үште падишаға хат асырып,
Он бесте Байдың ұлын меңгерген ер.
Тумаса ұлы жүз бен орта жүзде,
Жоқ сіздей кіші жүзде мен көрген ер.
Бұ шынжыр келеді Алшын Қыдыр байдан,
Байлық жарлылықпен бір құдайдан.
Хиуаның алтын шыққан бұлағындай,
Шынжырың үзілген жоқ әлдеқайдан.
Арғы жер Сұлтансиық Танадағы
Алланың сонан бері қалағаны,
Тұқымың бірден бірге хан болады,
Ойға алып һәр нешікте жарағаны.
Бергі жер Жабу менен Байбақтыдан,
Дәрежең кеміген жоқ тіл-жақтыдан.
Келіп тұр өзіңменен он бес ата,
Бәлкім, тағы да артар уақытында.
Өскен жер Батақ еді ер Итемген,
Туғаннан құдай артық бақыт берген.
Байбақты осы күні сегіз мың үй,
Жүреді тартпай кімің қара жерден?!
Ауылыңнан атпен қайтады жаяу келген,
Жылқыдай қанып шығады көлден өрген.
Осы жерден қалмақ босып шұбағанда,
Қытайды қысырақтай матап бөлген.
Тұқымың бірден-бірге хан болады,
Нәсібің жаратылды әлденеден.
Айтымбет, батыр Шолан Даттан бері,
Алланың қайырмаған бақтан бері.
Тұқымың бірден-бірге хан болады
Дем тартып арыстанның жатқан жері.
Он бестен жиырмаға жетпей басың,
Алдыдан өрмеледі өрге тасың.
Бұқара – көлде отырған қоңыр үйрек,
Сіз болдың аспандағы қара лашын.
Күлгенің – жаз секілді, қысқаның – қыс,
Табылады жесір алсаң жарылқасын.
Ақылмен үш ананың басын қостың
Құдайым дәрежеңді артық жасап,
Дәм қосты тәңір айдап бізіңменен,
Үш ана бірігіп тұр сізіңменен.
Хиуаның алтын шыққан бұлағындай,
Шынжырың жеті атаңнан үзілмеген.
Қақсаттың хан баласын кәрленген күн,
Қараны қағып кетесің тізеңменен.
Зор болса қазақ шіркін мақтады дер,
Пендеден даусыз оздың бізің көрген.
Оздырдың дәрежеңді өз құрбыңнан,
Бақытың тасқын судай толықсыған.
Үш үйлес түп нағашың Қара Қарман,
Шынжырың үш Еділдің құйылысындай.
Сіз едің айқын келген жалтыр құлаң,
Жағалас даудан озған әр жерде бар.
Бақыт бар баса қонған бегіңізге,
Сөз айттық кез болған сұңқар сізге.
Ойласам бәрі де бар өзіңізде,
Кірмесін көп айтты деп көңіліңізге.
Асылдың азы жақсы деген сөз бар,
Лұқсат, қысқарталық, болса бізге.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter