Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  73


Автор: Болат Жетекбай

Сәскеде

Бозторғай әні
әуеде қалқып,
төмендеп,
сәуле боп сіңіп барады сұлу сәулеге.
Жапырақ біткен
сыбдырлап,
сергіп,
елеңдеп...
Шертеді жұмсақ көңілдің қылын әлдене.
Үздіккен үміт
үзіліп,
қайта жалғанып,
Сезімнің биін сәскеде сағым сәндеді.
Титімдей құстың сазына сәтке алданып,
Байланды уақыт, біткендей бейне дәрмені.
Тұңғиық,
тұнық –
көкпеңбек аспан күмбезі,
Көрінбес көзге күндізгі аққан жұлдыздар.
Тербеліп,


толқып,
табиғат-Тәңір бұл кезі,
Буына масаң бір ысып жүрек, бір мұздар.
Әсерім әйдік, түйсігін түртіп сананың,
Көкірек – ашық, наланың бұлты сөгілген.
Құбылған сайын суреті таныс даланың
Бақбақтың гүлі –
төбемнен шаттық төгілген!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу