Өлеңдер ✍️
ЗАЛЫМДЫҚ ПЕН ЗАҢҒАРЛЫҚ
I
Бір мықтыдан асып түсер бір мықты,
Жазылмаған заңы сынды тірліктің.
Бас қолбасшы соқыр көзді Баязид,
Көп елдерін бағындырды құрлықтың.
Сұлтан болып кеңге жайды тамырын,
Бағындырды дүниенің жарымын.
Жер үстінде екі бірдей құрлықты,
Тік тұрғызып орындатты әмірін.
Баязидке екі құрлық бағынды,
Билеуші боп шартарапқа танылды.
Талқан етіп Еуропаның жорығын,
«Сұлтан әл-Рум» деген атақ тағынды.
Жеңіспенен шыға берді шыңдарға,
Тілегенін екі етпестен қылды Алла.
Бірақ мұның қол астына кірмеген,
Әмір Темір ғана қалды бұл маңда.
Баязидтен осал емес Темір де,
Өз билігін жүргізді ол да өңірге.
Сан қырғынды өткізсе де басынан,
Отырды әркез тек жеңістің төрінде.
Қаһары оның жарқылдаған алдаспан,
Қиып түсер, шартарапқа даңқы асқан.
Жаулап алған небір алып елдерді,
Ақсақ Темір еншісінде жарты аспан.
Бойында бар күш-қуаты сан айла,
Мойындатты өз билігін талайға.
Басты арманы осы Әмір Темірдің –
Соқыр көзді жеңу керек қалайда!
Кімнің соры, кімнің бағы бес елі?
Мұны жалғыз жеңіс қана шешеді.
Қанды қырғын бастап кетті екі жақ,
Темірдің де көп күткені осы еді.
Бағындырар әмірімен үніне,
Барша әлемге болады екен кім ие?
Жауап іздеп жалғыз осы сұраққа,
Дүр сілкінді мынау шардай дүние.
II
Айласы асып, күші басым тұрғанда,
Кім Темірді жеңе алмақшы бұл маңда.
Талайларды бүріп қысқан қос қолы,
Баязидті тықты әкеліп зынданға.
Соғыс десе қағылмаған кірпігі,
Зындан жаққа Темір келді бір күні.
Найзағайға қарады да қарқылдап,
Езу жыймай көпке ұзартты күлкіні.
Ішін ұстап күле берді қарқылдай,
(Күлген сайын жарқырады алтындай).
«Бұрын бұлай күлмеуші ед – деп – Әмірші»
Уәзірлер тұр аң-таң болған қалпында.
Қара түнек тас зынданның ішінде,
Баязид те тұрды қатып мүсіндей.
– Мұның не?- деп қарап қойды Темірге,
Күлкісінің мән-жайына түсінбей.
– Батып тұр ма, күлкім менің саған шын?
Мұның сырын мүмкін ойлап табарсың.
Не болмаса сұрағыңның жауабын
Ертең менің алдыма кеп аларсың!»
III
Алтын таққа жамбас тіреп алды да,
Даусы шықты айналаға жаңғыра.
Ақсақ Темір әмір берді уәзірге,
– Найзағайды ап келің – деп – алдыма!
Баста қонып тұра бермес мәңгі бақ,
Амал қайсы, басқа қайғы салды Хақ.
Сәлден кейін келді алдына Баязид,
Өңі ажарсыз, басы төмен салбырап.
Темір отыр жиып елді маңына,
Ырза болып астындағы тағына.
Баязидке «Сен соқырсың!»- деді де,
Отырып ап қарқылдады тағы да!
Сөз бастады сонда соқыр Баязид,
Мына күлкі қатты батып жанына:
– Ей, Темір-ай, бастан ауды ғажап күн,
Жеңілісім болды маған азап тым.
Төбеме кеп жатқанымда зынданда,
Кеше күлдің астына алып мазақтың.
Менен кетті, саған жетті алтын тақ,
Тұр-ау сенің бет дидарың жарқылдап.
Аз болғандай кеше күліп кеткенің,
Бүгін тағы күліп тұрсың қарқылдап.
Арманыңа жеттің білем аңсаған,
Әміріңе бас иеді барша жан.
Мен де сендей жан болғанмын бір кезде,
Неге күлдің, түсінбедім мен соған?!
Байтақ елді мынау жалғыз жанарға,
Қаратқанмын, сұлтан болып ғаламға.
Күліп тұрсың, бірақ маған туған күн
Ерте, кеш пе туады ертең саған да!
– Оған дау жоқ, өтер бастан дәуренім,
Құрып бітсе, тұла бойда әл-демім.
Шынымды айтсам, әмір болған мына Мен,
Бір нәрсеге түсіне алмай әуремін.
Бір көзің жоқ соқыр болдың, Найзағай,
Көз дегенің тіршілікке айнадай.
Төбеңе кеп менің күліп кеткенім
Жүрегіңе қадалды ма найзадай?
Қиналғанын біліп тұрмын жаныңның,
Тағыңды алдым, енді әлемге әмірмін.
Сені мазақ ету үшін күлгем жоқ,
Мен ісіне күлген едім Тәңірдің.
Қатыгез боп барша әлемге біліндік,
Тақ та, бақ та жолдас болмас ғұмырлық.
Басымызда көп ақыл бар, не керек,
Сол ақылдың тудырғаны зұлымдық.
Құлап түстің шыққан асқақ шоқыңнан,
Жайың міне тұтқын болып отырған.
Бірақ Тәңір екеумізге тақ беріп,
Не күтті екен ақсақ пенен соқырдан?
Осы жайға тұрмын қазір таңданып,
Менің бағым талай жерде жанды анық.
Бір аяғым жарамсыздау болса да
Әміріме құлдық ұрды бар халық.
Тәңір білер жаман қайсы, жақсы кім?!
Бір кездері сенің даңқың асты тым.
Сен соқырсың, мен ақсақпын, жартымыз,
Ең бастысы екеумізде бас бүтін.
Мен күлмеймін сондықтан да теңіме,
Мұны ашық айта аламын еліме.
Маған жалғыз аяқ беріп Жаратқан,
Күллі әлемді басып алсын деді ме?!
Ешкім күлмес денеміздің кеміне,
Сұлтан қылды әлем кеше сені де.
Саған жалғыз жанар беріп Жаратқан,
Жарты әлемді көріп шықсын деді ме?!
Жауыздарға Құдай берді мүмкіндік,
Мен осыған келтіремін күлкімді.
Кемістерге беріп қойған билікті
Тәңір ісі әсер етті бір түрлі.
Сұлтан қылып кемістердің тағдырын,
Барша жұртқа орындатып жарлығын.
Болсын мейлі аяқ ақсақ, көз соқыр,
Тіршілікте бас шешеді барлығын.
Жеңіспенен таңдарымды атырдым,
Тарихтарда өшпес даңқы атымның.
Сен де, мен де дәл осындай биікке
Арқасында көтерілдік ақылдың.
Қуған жауым қаша алмады құтылып,
Соғыс ойын, көргенім жоқ ұтылып.
Зұлымдыққа пайдалансаң ақылды,
Ұлылығың кетеді екен жұтылып.
Ақыл деген қылмас дейсің кімді ұлы?
Дене басқа бағынады, біл мұны!
Егер ақыл орналасса аяққа,
Көрер едің Темір деген жындыны.
Бас дегенің – ақыл-ойдың мекені,
Кеміс болса, сені жынды етеді.
Бүтін болса өзің түгіл баршаны,
Алға қарай жетектеуге жетеді.
P.S. Өз есімін ойып жазған тарихқа,
Мен Темірді бағалаймын алыпқа.
Жоқ болса да қол-аяғы, жанары,
Ақылы асқан басшы керек халыққа.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter