Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  89


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЖАН АНАМ

Мен бүгін анам жайлы сыр ақтарам,
Жадымда нұр бейнесі тұрақтаған.
Қаталдау тағдырымен күш сынасып,
Сынбаған, құламаған қуатты адам.
Бейнетің көп еді ғой арқалаған,
Жүзіңнен мұңның табы тарқамаған.
Сонда да мейірімі сарқылмайтын,
Бар ма екен сендей жайсаң, дархан адам?!
Жан анам, аяулы анам, асыл анам,
Өзіңді салады еске жасыл алаң.
Ақ қайың аласармас сен сияқты,
Ақ қылаң самайынан шашыраған.
Көңілдің күнгей бетін шуақтаған,
Аз қуанып, көбірек жылапты анам.
Жан анам, биіктегі шынарым – сен,
Көтеріп, өр еңсемді құлатпаған.
Тұнығын көңілімнің шайқамаған,
Сырыңды балалықпен байқамағам.
Өлшеусіз еңбегің мен ақ сүтіңнің
Өтеуін қашан, қалай қайтара алам?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу